Мәскеуде наразылық шеруіне мыңдаған адам шықты

Фотогалерея: Мәскеудегі наразылық шеруі. 2 ақпан 2014 жыл.

Бүгін Мәскеуде Ресейдегі бірқатар оппозициялық ұйымдардың бастамасымен шеру өтті деп хабарлады Азаттық тілшілері.

Мыңдаған адам қатысып жатқан шерудің мақсаты – «Болотный ісі» бойынша айыпталғандарға қолдау білдіру. Шеруге қатысушылар «6 мамыр тұтқындарына бостандық берілсін!», «Саяси тұтқындар босатылсын!» деп айғайлаған.

2012 жылы 6 мамырда Мәскеудегі Болотный алаңында оппозицияның акциясы шерушілер мен полиция арасында қақтығысқа ұласып, осы оқиғаға байланысты қозғалған, кейін «Болотный ісі» деп аталып кеткен іс бойынша 30-ға жуық адамға айып тағылған болатын. Олардың үшеуі сотталды. Бірнеше адам Ресей конституциясының 20 жылдығына байланысты Мемлекеттік дума жариялаған рақымшылыққа ілінген еді.

Айып тағылған сегіз адамға қатысты сот отырысы 5 ақпанда жалғаспақшы. Прокуратура оларға бес жылдан алты жылға дейін түрмеге қамау жазасын беруді сұрайды.