АҚШ: Тіс пастасында жарылғыш зат болуы мүмкін

Тіс пасталары саудаға қойылған дүкен сөресі. (Көрнекі сурет)

АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігі Ресейге жолаушылар тасымалдайтын америкалық және шетелдік әуе компанияларындағы жолаушылардың қол сөмкелері мен жүктеріндегі сықпалы тіс пасталарына ерекше назар аударуға шақырды. Бұл туралы АҚШ үкіметінің жоғары шенді өкіліне сілтеме жасаған ABC телеарнасы хабарлады.

Үкімет өкілінің сөзінше, тіс пасталарының сықпаларында ұшақта отырып-ақ жарылғыш құрылғы жасайтын заттар болуы мүмкін деген ескерту барлау қызметіінен алынған. Бірақ дереккөзі телекомпанияға мұндай қауіптің туындауына нақты қандай барлау ақпараты себеп болуы мүмкін екенін айтудан бас тартқан.

ABC және CNN телекомпаниялары ішкі қауіпсіздік министрлігі қызметкерінің "ведомсвто қажетті ақпаратты өзінің ішкі және шетелдік серіктеріне, оның ішінде Сочи олимпиадасы сияқты халықаралық оқиғаға қатысы барларға ұдайы беріп отырады" деген сөзін келтірген.

Өткен айда Сочи олимпиадасының қарсаңында АҚШ-та ұшақтарда жолаушыларға сұйық заттар алып жүруге тыйым салынған еді. Бірақ АҚШ-тағы әуе тасымалы қызметінің ережелері бойынша, жолаушылар өзімен бірге шағын ғана тіс пастасын алып жүруіне болады.