Апта бейнелері: 10 - 15 ақпан

Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданында Сырдария өзеніне жақын орналасқан Қожатоғай ауылының жайылымдық жерлерін су басты. Төтенше жағдайлар қызметі Көксарай су реттегіш шлюзі маңын сең басып, Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне секундына 900 текше метр су ағып келіп жатқанын хабарлады. Қожатоғай ауылы маңындағы бөгетті нығайту жұмыстарына 300-ден аса адам мен 23 техника жұмылдырылды. Бірнеше мың құм салынған қаптар тасылып, дамбы жасалды.

Ақпанның 11-і күні Қазақстан Ұлттық банкі ұлттық валюта - теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бұрынғы бағамын ұстап тұрудан бас тартып, доллар бағамын 185 теңге деп белгіледі. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов (суретте) теңгенің құнсыздануын «әлемдік қаржы нарықтарындағы тұрақсыздықпен, Ресей рублінің арзандауымен» түсіндірді.

11 ақпанда Ресей полициясы Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаевтың бұрынғы күйеу баласы, Қазақстан азаматы Әділ Тойғанбаевты босатты. Бірақ 15 ақпанда Мәскеуде полиция оны тағы ұстаған.

Тойғанбаев 9 ақпанда Мәскеудің Шереметьево әуежайында Интерполдың сұрауы бойынша ұсталған еді. Қырғыз үкіметі оған "салық төлеуден жалтарды" және "қаржылық алаяқтық жасады" деген күдікпен іздеу жариялаған. Адвокатының айтуынша, Ресей билігі Тойғанбаевқа қатысты барлық құжаттарды Қазақстанға бермек.

Тойғанбаевты 2013 жылы Интерполдың сұрауы бойынша Қазақстан құқық органдары да ұстап, бірақ Қазақстан үкіметі өз азаматтарын үшінші елге экстрадицияламайтынын мәлімдеп, оны қайтарудан бас тартқан болатын.

Қазақстан ұлттық валютасы - теңге девальвацияға ұшыраған ақпанның 11-і күні интернетте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа импичмент (сенімсіздік) жариялау туралы петицияға қол жинау жүргізіле бастады. Петиция мәтіні жарияланған сайт ақпанның 12-сі күні бұғауланып, Қазақстаннан аумағынан ашылмай қалды. Бір тәулік ішінде петицияны қолдап 2 мыңнан астам адам қол қойған.

Ақпанның 12-і күні Ақмола гарнизонының әскери соты "пара алды" деген күдікпен ұсталған генерал Бағдат Майкеевті ақпанның 20-сына дейін тұтқында ұстау туралы тергеу орындарының сұрауын қанағаттандырды.

Осы аптаның басында 2011 жылдың қыркүйегінен бері қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарып келген Бағдат Майкеевтің 2 миллион АҚШ доллары көлемінде "пара алды" деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.

13 ақпанда Астанада «Благодать» шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаевтің ісі бойынша өтіп жатқан сотта сотталушыға соңғы сөз берілді. Ол «христианин ретінде жан баласына жамандық жасамағанын, ешкімге қастық ойламағанын» мәлімдеді. Қашқымбаевқа «құлшылық ету кезінде жәбірленушіге күдікті сусын беріп, оның психикасына залал келтірген» деген айып тағылған. Бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары «пастор Қашқымбаев діни қызмет туралы қайшылыққа толы жаңа заң негізінде репрессияға ұшырап отыр» деп есептейді. Прокуратура өкілі судьядан пасторды үш жылға соттауды сұраған.

Ақпанның 13-і күні Сочидегі қысқы олимпиада ойындарында шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы 5000 метрлік эстафета жарысының финалына өтті. Команда құрамында Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Нұрберген Жұмағазиев (суретте солдан оңға қарай) және Айдар Бекжанов бар.

АҚШ соты Бостон қаласында жарылыстар жасады деп айыпталған Джохар Царневтың сот процесін биылғы жылдың қараша айына белгіледі. Судья Джордж О'Тулдың айтуынша, алқа билер 3 қарашада анықталмақ. Бұған дейін адвокаттары Царнаевтың сотын келесі жылдың қыркүйегінен кейінгі мерзімге шегеруді сұраған еді. Царнаевқа 2013 жылы 15 сәуірде Бостонда өтіп жатқан марафонда екі жарылыс жасап, үш адамның қаза табуына және 264 адамның жаралануына байланысты айып тағылған. 

Царнаевпен бірге оқыған Қазақстан азаматтары Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовтарға АҚШ тергеу орындары «Бостондағы жарылысты тергеу ісін шатастырмақ болды» деген айып таққан. Қазір ол екеуі де АҚШ-та қамауда отыр.

Қазақстанның бірнеше құқық қорғау ұйымы "саяси тұтқын" деп таныған Мұхтар Жәкішевтің Алматы маңындағы түрмеден басқа жаққа ауыстырылғаны туралы ақпаратты ақпанның 14-і күні билік орындары Азаттыққа растады. Бұған дейін Жәкішевті Қарағанды облысы Долинка елді мекеніндегі АК 159/6 түзету мекемесіне ауыстырғаны туралы ақпарат тараған еді. 1998 жылдан «Қазатомпром» компаниясын басқарған Жәкішев 2009 жылы қызметінен алынып, тұтқындалған. 2010 жылы Астананың Сарыарқа аудандық 2-соты оны «қаржыны ысырап қылды және пара алды» деген айыппен 14 жылға соттап, жазасын қатаң режимді колонияда өтеуге үкім шығарған.

14 ақпанда Астананың Есіл аудандық соты статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваны (суретте оң жақта) жеті жылға түрме жазасына кесті. Ол 2009 жылғы ұлттық халық санағы кезінде «бюджеттің 700 миллион теңгеден аса қаржысын жымқырған» деп танылды. Мешімбаева соңғы сөзінде «бұл қылмысты жасаған жоқпын» деп мәлімдеді. Сот оған бес жыл бойы мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салды.

14 ақпанда Сочидегі қысқы олимпиада ойындарында Қазақстан құрама командасы алғашқы медальге қол жеткізді. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қысқа және негізгі бағдарлама бойынша 255.10 ұпай жинап, қола жүлдегер атанды. Тен 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Азия ойындарында - алтын, 2013 жылы Канадада өткен әлем чемпионатында күміс медаль алған еді.

15 ақпанда Астанада "Антигептил" қозғалысының 13 белсендісін полиция ұстады. Қазақстанда Ресейдің гептилмен ұшатын зымырандарына қарсы шаралар өткізіп жүрген қозғалыс белсенділері бұл жолы үстілеріне "Антигептил" деген жазуы бар сары жейде киіп, "Жастар" сарайынан "Қазақ елі" монументіне қарай "Қазақ жерін ластама!" деген ұранды айғайлап жүгірген еді. Бірақ оларды жарты жолға да жеткізбей полиция ұстап әкетті. Билік оларға әкімшілік кодекстің 473-бабының 1-тармағы бойынша бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлдар салған.

15 ақпанда Алматыда теңге девальвациясы мен қымбатшылыққа наразылық білдірген ондаған адам Республика сарайының маңына жиналды. "Шал, кет!" деп айғайлаған наразы топты полиция Абай ескерткішіне өткізбей қойған соң, олар Тәуелсіздік ескерткіші тұрған орталық алаңға барды. Сол жерде ондаған адамды полиция күштеп көлікке салып, Бостандық ауданының ішкі істер бөліміне апарып, бірнеше сағат ұстады. Ұсталғандарға "заңсыз митинг ұйымдастырған" деген айыппен іс қозғалып, сенбі күні кешке әкімшілік сот бір адамды 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу және оннан аса адамға әкімшілік айыппұл салу туралы шешім шығарған.