Бас прокуратура: «Банкрот туралы қауесет таратушылар анықталды»

Your browser doesn’t support HTML5

Банкрот туралы хабардан соң банктегі ақшаларын қайтарып алуға келген жұрт. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.

Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков өткен аптада «банктердің банкротқа ұшырағаны» туралы арандатушы телефон хабарламасын (SMS) жіберді деген күдікке ілінген бірнеше адамның анықталғанын мәлімдеді.

Оның сөзінше, қазір тексеру шаралары жүргізіліп, күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәселе қаралып жатыр. Бас прокуратура өкілі күдіктілердің нақты саны мен аты-жөндерін атамады.

Нұрдәулет Сүйіндіковтың айтуынша, "арандату үшін жазылған жалған SMS банктердің жұмысына зиян тигізіп, әлеуметтік жағдайдың ушығуына ықпал етіп, халықтың қаржы институттарына деген сеніміне селкеу түсірген".

Ақпанның 17-сі күні Қазақстан тұрғындары арасында "Альянс банк", Kaspi Bank және "ЦентрКредит банкінің" банкротқа ұшырағаны жайлы SMS таралып, жұртты дүрліктірген еді. Банктердегі депозитін қайтарып алғысы келген азаматтардың ұзын-сонар кезегі бүгін де тарқамады.

Сейсенбі күні аты аталған банк басшылары ақпаратты жоққа шығарып, арандатуға сенбеуге үгіттеген. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов те арнайы брифинг өткізіп, халықты сабырға шақырған.