АҚШ: Украинаның бөлінгені ешкімге қажет емес

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Сьюзан Райс.

АҚШ президенті Барак Обаманың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Сьюзан Райстың мәлімдеуінше, Украинаның бөлінуі "Ресей, АҚШ, я болмаса Еуропа Одағының да мүддесіне сай келмейді". 23 ақпанда NBC телеарнасының "БАҚ-пен кездесу" бағдарламасында сөйлеген Райс Ресейдің Украинаға әскер жіберуі "үлкен қате" болатынын ескертті.

Журналист Сьюзан Райсқа: "Ресей Украинада өзінің ыңғайына көнетін үкіметті қалпына келтіру үшін бұл елге әскер жіберуі мүмкін бе?" деген сұрақ қойған. Райс оған: "Ресейдің бұлай істеуі үлкен қателік болар еді. Украинада зорлық-зомбылықтың қайта оралып, шиеленістің қайта күшеюі ешкімге қажет емес" деп жауап берді.

22 ақпанда Украина парламенті президент Виктор Януковичті биліктен шеттеткен. Сол күні Киевтен кетіп қалған оның қайда екені әзірге белгісіз.

Ақпанның 22-і күні кешкісін Украинаның UBR телеарнасына берген сұхбатында Виктор Янукович отставкаға кетпейтінін мәлімдеген. Ол елде болып жатқан жайттарды «бандитизм», «мемлекеттік төңкеріс» деп атап, Жоғарғы Раданың сенбі күні қабылдаған барлық шешімдерін «заңсыз» деп мәлімдеді.