Қарулы адамдар Симферополь әуежайынан кетті

Қырым парламенті алдындағы ресейшілдер шеруі. Симферополь, 27 ақпан 2014 жыл.

"Өткен түні Симферополь әуежайына басып кірген қарулы адамдар әуежайды тастап шықты" деп хабарлайды әуежайдың баспасөз хатшысы Игорь Стратилатиге сілтеме жасаған "Эхо Москва" радиосы.

Стратилатидің айтуынша, 28 ақпанға ауған түні шамамен 50-ге жуық қарулы және Ресей туын ұстаған адамдар "әуежайға украиналық десанттар түсірілді" деген хабарды естіп, әуежай ғимаратын басып алмақ болған. Бірақ олар ақпаратқа көздері жетпеген соң, әуежайды тастап шыққан.

Бұған дейін куәгерлер 17 ақпан күні кешке Симферополь әуежайына төрт жүк көлігімен 150-ге тарта қарулы адамдар келіп түскенін хабарлаған еді.

"Интерфакс" агенттігі дереккөзге сілтеме жасап, олардың 27 ақпан күні таңертең Қырым парламенті мен үкімет үйін басып алғандар сияқты қаруланып, жарақтанып алғанын хабарлаған.

Өткен түні бір топ қарулы адам Севастополь түбіндегі "Бельбек" әуежайына баратын жолдарды жауып, әуежайға кірген еді. Украиналық саясаткер Павел Нусс дереккөзге сілтеп, олардың киімдерін өзгертіп алған Ресейдің Қара теңіз флотының әскерилері екенін жазған.

Кеше Қырым үкіметі - Қырым Жоғарғы Кеңесі премьер-министр қызметіне "Орыс бірлігі" партиясының жетекшісі Сергей Аксеновті тағайындап, автономияның құзыретін кеңейту жөніндегі референдум 25 мамыр күні өтеді деп белгілеген. Сергей Аксенов Виктор Януковичті Украинаның заңды президенті деп санайтынын мәлімдеген.