Астанада Ресей елшілігі алдында акция өткізгендерге айыппұл салынды

Белсенділер Сәкен Байкенов (сол жақта) пен Мақсат Ілиясұлы. Астана, 28 ақпан 2014 жыл

28 ақпан күні Астанадағы Ресей елшілігі алдында кейбір ресейлік қоғамдық тұлғалардың Қазақстанға қатысты мәлімдемелеріне наразылық білдірген екі белсендіні полиция ұстап әкетті. Қалалық әкімшілік сот оларға "заңсыз жиын өткізгені" үшін айыппұл салды.

Астаналық белсенділер Марат Ілиясұлы мен Сәкен Байкенов бұған дейін Қазақстанның территориялық тұтастығына қайшы ой-пікір айтқан ресейлік белсенді Эдуард Лимонов пен саясаткер Владимир Жириновскийдің пікіріне наразылық танытып, Ресейдің Астанадағы елшілігіне қоғамдық ұйымдар атынан хат табыстауға келген еді.

Белсенділерді Астананың Алматы аудандық полициясы ұстап әкетіп, 4 сағаттан соң Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына әкелді. Бір сағатқа жуық өткен отырыстан соң сот "заңсыз акция өткізгені үшін" Ілиясұлына - 10 айлық көрсеткіш есебінде, ал Байкеновке - 5 АЕК көлемінде айыппұл салды.

Белсенділер салынған айыппұлды заңсыз деп есептейді. Олар аппеляциялық шағым жазатындарын айтты.

Өткен аптада ресейлік бірнеше қоғамдық тұлға Украинадағы толқуға қатысты пікір айтып тұрып, Орталық Азия мемлекеттерінің, оның ішінде Қазақстанның егемендігі мен территориялық тұтастығына қайшы мәлімдемелер жасаған еді.