Маңғыстаудағы көрісу күні

«Амал келді» деп білетін маңғыстаулықтар жыл сайынғы дәстүр бойынша биыл да дәл осы күні Ақтаудан 130 шақырымдағы Отпан тауының басына жиналды.

«Амал» маңғыстаулықтар үшін «аман-есен тағы бір жасқа жеттік» деп көрісуден, жасы кішілер жасы үлкендерге барып амандасудан басталады. 

Егер бұл күні кіші үлкенге, ағайын-туыс бір-біріне барып, қол алысып, төс түйістіріп көріспесе, аман-саулық сұрасып, келесі жылға аман жетуді тілемесе үлкен айыпқа, ренішке қалғаны. 

Амал мерекесіне жиналған жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаугершілік заманда Отпан таудың басына от қою арқылы жау шапқаны жайлы белгі берілетін болған. 

Сол тұста Маңғыстау аймағын мекен еткен халықтың бала-шағасы, қариялары қауіпсіз жерге жасырынып, басқалары жауға қарсы шабуылға шыққан. 

Бүгін Отпан таудың етегінде киіз үй тігілді. Ол жерге арнайы апаратын көліктер Ақтаудан қатынады. Жиналған жұрт концерт көріп, бәйге мен көкпар тамашалады.

Жиналған қауым киіз үйлерге кіріп ас ішті, бір-біріне тілек айтты. Әр киіз үйде өнерпаздар ән айтып, күй тартып жатты.

Амал мейрамы өткен Отпан таудың басы қазір мәдени кешенге айналған. Ол жерде биіктігі 37 метрлік Адай ата ескерткіші тұр. Оның екі қапталын ала екі жебе-мұнара орналасқан. Көне көз қариялар ол адайдың Құдайеке және Келінберді деген ұлдарының символы дейді. Оны айнала орналасқан сегіз құлпытас сегіз немересіне арналған.