Қырымда Ресей паспорты таратыла бастады

Қырымдықтар Ресей паспортын алуға кезекте тұр. Симферополь, 19 наурыз 2014 жыл.

Ресей билігі Қырым тұрғындары енді Ресей азаматы болғанын мәлімдеп, оларға Ресей паспортын бере бастады. Ал Украина сыртқы істер министрлігі елге келгісі келген ресейліктерге виза тәртібін енгізетіні туралы хабарлады. Ресми Киев бұған қоса Тәуелсіз елдер достастығы (ТМД) ұйымынан шығатынын да мәлімдеді.

18 наурызда Ресей президенті Владимир Путин мен Қырым билігі түбектің Ресей құрамына қосылуы туралы келісімге қол қойған болатын.

Батыс елдері Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанын мойындамай, Мәскеуге бұл әрекеті үшін шаралар көрілетінін ескерткен.

19 наурызда ресей әскерилері украин әскери-теңіз күштері базасының штабын басып алған еді.