Қазақстан мен Қытай СІМ меморандумға қол қойды

Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.

Қазақстан мен Қытайдың сыртқы істер министрліктері екі ел арасындағы 2014-2016 жылдардағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қазақстан СІМ хабарлауынша, меморандумға сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың 19-20 наурызда Қытайға сапары барысында қол қойылған.

"Тараптар меморандум Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің ары қарай дамуына ықпал ететінін айтты" дейді СІМ ресми сайтында.

Келіссөздер барысында Қытай жағы сауда-экономикалық байланыстарды күшейтуге, Қазақстан экономикасына инвестиция және жоғарғы технологияларды тартуға мүдделі екенін білдірген.