Иракта жарылыстардан 29 адам мерт болды

Бағдадта болған жарылыстардың бірі. Ирак, 5 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ирак билігі 25 наурызда елде жарылыстар мен шабуылдардан 29 адам мерт болғанын хабарлады.

Бағдадтың солтүстік-шығысында полиция бекетіне бір жанкешті бомба жасырылған көлігін айдап әкеліп, жарып жіберген. Жарылыстан тоғыз адам қаза болған. Бағдадтан солтүстікке қарай Тармия қаласында да армия бекетіне шабуыл жасалып, салдарынан сегіз әскери қызметкер мерт болған.

Бакуба, Мосул және Тикрит қалаларында болған жарылыстардан тағы сегіз адам өлген.

Бағдадта осы күні қала ішінде кетіп бара жатқан сүнниттік депутаттың да көлігі жарылып, оның екі оққағары қаза тапқан. Қала базарларының бірінде болған жарылыс тағы екі адамның өмірін қиған.