Апта бейнелері: 24 - 29 наурыз

24 наурызда Египет соты "Мұсылман бауырлар" саяси қозғалысының 529 мүшесін өлім жазасына кесу туралы үкім шығарды. Биліктен тайдырылған президент Мұхаммед Мурсиді қолдайтын айыпталушыларға 2013 жылы тамызда қарсылық шарасы кезінде полицейлерге шабуыл жасады және адам өлтірді деген айыптар тағылған. Әу баста сотқа тартылған 545 адамның 16-сы ақталған. Бірнеше рет кейінге қалған бұл істің адвокаттары "айыпталушылардың ақталу мүмкіндігі болмағанын, көбі сырттай сотталғанын" айтады.

Суретте: "Мұсылман бауырлар" саяси қозғалысының өлім жазасына кесілген мүшелерінің туыстары жылап отыр. Египет, 24 наурыз 2014 жыл.

Ақтөбе қалалық соты іздеу жариялаған оппозициялық журналист Наталья Садықова қазір отбасымен Украинада екенін және журналистік қызметін жалғастырып жатқанын, Қазақстанда түрмеге қамалу қаупі төніп тұрғандықтан елге оралуы екіталай екенін Азаттыққа айтты. Ақтөбе соты журналистің пәтеріне қамау салу, кейін өзін тұтқындау туралы шешімдерді былтыр оппозициялық газетте Бақыт Ілиясова есімді автор жазған «Ақтөбеде тендер жұрттың бәріне бірдей жетпейді» деген мақаладағы жайттардан «моральдық зардап шеккені» туралы парламенттің бұрынғы депутаты берген талап-арызы негізінде шығарған.

Суретте: Наталья Садықова Киевте, 24 наурыз 2014 жыл. Сурет жеке архивінен алынды.

Осы аптада Азат Еуропа/Азаттық радиосының Украин қызметі Қырым аймағының тұрғындарына арнап жаңадан ақпараттық және жаңалықтар тарататын екі веб-сайт ашты. Веб-сайттар қазір орыс және татар тілінде ақпарат таратады және таяуда украин тілінде де қызмет көрсете бастайды деп хабарланды.

25 наурызда Украинадағы «Оңшыл сектор» ұлтшылдар қозғалысының белсенді мүшесі 51 жастағы Александр Музычко Украинаның батысындағы Ровно қаласында атып өлтірілді. Оның "полицияға қарсылық танытып, оққа ұшқаны" хабарланды. Еуромайдан кезінде биліктегі Виктор Януковичтің режиміне қарсы қарулы күреске шақырған белсендінің жақтастары оның өліміне кінәлілерді жазаға тартуды және Украина ішкі істер министрі Арсен Аваковтың отставкаға кетуін талап етіп, Киевте парламент алдында наразылық шеруін өткізді.

ВВС сайты Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримовадан (сол жақта) Ташкентте үйқамақта отырғанын, "қатты психологиялық қысым көріп", соққыға жығылғанын жазған хат алғанын хабарлады. Бұған дейін Twitter-де жариялаған жазбаларында ол әкесін Сталинге теңестіріп, Рустам Иноятов (оң жақта) басқаратын Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметін «маған және серіктерімді қуғын-сүргінге салды» деп айыптаған еді. Осы аптада батыс баспасөзі Швеция заң орындары Каримоваға TeliaSonera телекоммуникациялық компаниясынан "пара алған" деген күдік келтіріп отырғаны туралы хабарлады.

25 наурызда Алматы облысы Заречный ауылындағы жалпы режимді ЛА-155/14 түрмесінің кезекші офицері тыйым салынған "Алға" оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козловтың осы қамау орнына ауыстырылғанын Азаттыққа растады. 2012 жылы қазанда "әлеуметтік араздық қоздырды" және Жаңаөзен оқиғасына "жанама түрде қатысы болды" деген айыппен жеті жарым жылға сотталған оппозициялық саясаткер жазасын Солтүстік Қазақстандағы Петропавл қаласының түрмесінде өтеп келген. Биліктің оны тұрғылықты жерінен алыста қамауда ұстауын құқық қорғаушылар сынаған еді.

Египеттің қорғаныс министрі әрі армия бас қолбасшысы, фельдмаршал Абдул-Фаттах әл-Сиси қызметінен кетіп, президент сайлауына түсетінін мәлімдеді. Телеарна арқылы көрсетілген арнайы мәлімдемесінде ол "таңғажайып керемет жасай алмайтынын" айтып, египеттіктердің өздерін "елдің әл-ауқатын көтеру үшін жұмыс істеуге" шақырып, Египетке "террорлық қауіп төніп тұрғанын" айтып, "елді үрейден арылтуға" күш жұмсайтынына уәде берді. 59 жастағы әл-Сиси былтыр жазда жаппай халық толқулары кезінде президент Мұхаммед Мурсиді орнынан түсіруде маңызды рөл атқарған.

Суретте: Кафедегі адамдар телеарнадан қорғаныс министрі әл-Сисидің мәлімдемесін көріп отыр. Каир, 26 наурыз 2014 жыл.

26 наурызда Украина сыртқы істер вице-министрі Наталья Галибаренко Қазақстанның Киевтегі елшілігінің кеңесшісі Арғын Оспановқа нота тапсырып, содан бір күн бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Гаагада журналистерге (суретте) Украинада «іс жүзінде халық пен ел екі бөлікке бөлініп қалып, нәтижесінде ішкі саяси жағдай бақылаудан шығып кетті» деп айтқанына орай Киевтің алаңдаушылығын туғызғанын жеткізген. Украина мұндай мәлімдемелер «жалпыға бірдей халықаралық құқық нормалары мен әлем елдерінің көпшілігінің ұстанымымен үйлеспейтіндігін, екі ел арасындағы әріптестік қарым-қатынасқа қайшы келетінін және Украина тарабы оны қабылдай алмайтынын» білдірген.

26 наурызда Брюссельде сөйлеген АҚШ президенті Барак Обама Украинада "дөрекі күш" қолданғаны үшін Ресейді сынады. Ол АҚШ пен Еуропаның Украинаны ықпалында ұстау ниеті жоқ екенін айтты. "Тағы бір қырғи-қабақ соғыс ашайық деп тұрғанымыз жоқ" деген Обама АҚШ пен НАТО-ның Ресеймен жанжалдасуға ықылассыз екенін айтты. Ол Ресейді Қырымнан шығару енді мүмкін емес екеніне меңзеді. Бірақ АҚШ пен одақтастары бірліктен танбаса, "Ресей халқы қауіпсіздікке, бақуатты өмір мен өздері іздеген мәртебеге қол жеткізе алмайтынын мойындайды" деп мәлімдеді Обама.

26 наурызда Алматыда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастарды, халықаралық кейбір маңызды мәселелерді, аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін талқылаған. Назарбаевтың сөзінше, 2011 жылдан бері екі ел арасындағы тауар айналымы 41 пайызға артып, 1 миллиард АҚШ долларынан асқан.

27 наурызда АҚШ соты Усама бен Ладеннің күйеу баласы, Әл-Қаида ұйымының баспасөз хатшысы болған 48 жастағы Сулейман Әбу Гейтті "америкалықтарды өлтіруге астыртын сөз байласты" және "терроризмді қолдады" деп таныды. Кувейтте имам болған Әбу Гейт былтыр Иорданияда ұсталып, Нью-Йоркке жеткізілген. Сотқа берген жауабында ол видеожазбалардағы жолдауларды Усама бен Ладеннің өтініші бойынша оқығанын мойындаған.

Суретте: Сулейман Әбу Гейттің 2002 жылғы суреті.

Чехия түрмесінде екі жылға жуық отырып шыққан Татьяна Параскевич 27 наурызда Прагада баспасөз жиынын өткізді. Ол өзін қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовке қарсы әшкерелейтін ақпарат беруге мәжбүрлеу үшін қуғын-сүргінге салды деп санайды. Параскевичті "қаржылық қылмыстар жасады" деп айыптаған Украинаның өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан Чехия соты оны өткен аптада қамаудан босатқан. Параскевичті өзіне беруді Ресей де сұрап отыр. Amnesty International ұйымы Параскевич Украинаға немесе Ресейге экстрадицияланса, одан ары қарай Қазақстанға тапсырылып, азапталуы және әділетсіз түрде сотталуы мүмкін деп мәлімдеген.

27 наурызда БҰҰ-на мүше 100 мемлекет «Украинаның территориялық тұтастығы» туралы қарарды қолдап дауыс беріп, арасында Қазақстан бар 58 мемлекет қалыс қалды. Қырымның бөлінуі туралы референдумды заңсыз деп танитын қарарға Армения, Беларусь, Боливия, Венесуэла, Зимбабве, Куба, Никарагуа, Ресей, Сирия, Солтүстік Корея мен Судан қарсы болды.

Суретте: Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Виталий Чуркин Бас Ассамблеяның жиынын тастап шығып барады. Нью-Йорк, 27 наурыз 2014 жыл.

2018 жылдан бастап Еуропа футбол қауымдастығына (УЕФА) мүше елдер арасында «Ұлттар кубогы» атты жаңа жарыс енгізіледі. Жеңіске жеткен төрт команда 2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алады. Бұл туралы 27 наурызда Астанада өтіп жатқан УЕФА ұйымының XXXVIII конгресінде айтылды. Қазақстан ТМД елдері ішінен бірінші болып УЕФА конгресін өткізіп отыр.

Суретте: Халықаралық футбол қауымдастығы (ФИФА) президенті Зепп Блаттер УЕФА конгресінде. Астана, 27 наурыз 2014 жыл.

Сенбі күні Бахчисарай қаласында өткен татар халқының кезектен тыс құрылтайына қатысушылар «татар халқының өз тарихи атамекені – Қырымда өзін-өзі билеу құқығын жүзеге асыру туралы» қаулы қабылдады. Құрылтай Қырымдағы татар халқының ұлттық және территориялық автономия түрінде өзін өзі билеу құқығын қолдауға шақырып Біріккен Ұлттар Ұйымына, Еуропа кеңесіне, Еуропа одағына, Ислам елдері ынтымақтастығы ұйымына үндеу жасаған.