Қырғызстанда жаңа коалициялық үкімет жасақталды

Қырғызстан парламентіндегі үш партия жетекшілері үкіметтік коалицияны құру туралы келісімге қол қойып жатыр. Бішкек, 31 наурыз 2014 жыл.

Қырғызстанда парламенттік үш фракция - Социал-демократиялық партиясы, "Ар-Намыс" және "Ата-Мекен" партияларының мүшелері жаңа үкіметтік коалицияны жасақтады.

Жаңа үкімет құрамы осыдан екі апта бұрын отставкаға кеткен үкімет құрамына ұқсас.

Социал-демократиялық партия өкілі Чыныбай Турсунбековтың айтуынша, жаңа коалицияның құрылғаны туралы ресми түрде бүгін жарияланады. Өткен аптадан бері премьер-министрдің міндетін атқарушы Жоомарт Оторбаев егер премьер-министр болып жатса, бұрынғы үкімет құрамын жаңартпайтынын мәлімдеген.

"Ата-Мекен" партиясы 18 наурызда басқарушы үкімет құрамынан шығып кетіп, үкімет тараған еді.

"Ата-Мекен" партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаев премьер-министр Жантөрө Сатыбалдиевтің "былтыр ірі қылмыскер түрмеден босатылып, кейін елден қашып кеткеннен соң үкіметті басқаруға моральдық құқығы қалмады" деген. "Ата-Мекен" партиясы бұған қоса үкімет басшысын "Қырғызстан өз үлесін арттыруды көздеп, "Құмтөр" алтын кенішінің мәселесін де шеше алмады" деп те айыптаған.