Апта бейнелері: 31 наурыз - 5 сәуір
Наурыздың 31-іне қараған түні Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті су қоймасы бөгеті бүлінді. Төтенше жағдайлар министрлігі қойма маңындағы Көкпекті ауылының 100-ге жуық үйін су басып, 5 адам қаза болғаны туралы хабарлады.
Швейцария ресейлік бұрынғы олигарх Михаил Ходорковскийге бір жыл уақытша тұруға рұқсат берді. Швейцария миграциялық полициясының өкілінің айтуынша, Ходорковский Швейцарияда тұруды жоспарламаса да, елде тұруға рұқсат оған "қоғамдық мүдде" негізінде берілген. Санкт-Галлен кантоны басшылығы Ходорковскийге рұқсатты оның Швейцарияда тұрғаны үшін "ел бюджетіне құятын салығын ескеріп" бергенін айтады.
Грузия парламентіндегі оппозицияшыл депутаттардың бірі Нугзар Циклауриді 31 наурызға қараған түні үйінің маңында белгісіз біреулер ұрып-соққан. Депутат түнде үйіне оралған кезде подъезінің алдында өзін үш көлікпен келген бірнеше адам күтіп алып, соққыға жыққанын айтты. Грузия экс-президенті Михаил Саакашвилидің "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы депутатқа "шабуыл жасауды ұйымдастырды" деп билікті айыптады.
Францияда президент Франсуа Олландтың социалистік партиясы жергілікті билік органдарының сайлауында жеңілген соң 31 наурыз күні Франция үкіметі отставкаға кетті. Олланд премьер лауазымына бұған дейін ішкі істер министрі болған, иммиграция мәселесіне қатысты қатаң ұстанымымен танылған Мануэль Вальс тағайындалатынын хабарлады. Жаңа үкіметте экология, энергетика және тұрақты даму министрі лауазымын Олландтың бұрынғы азаматтық некедегі әйелі Сеголен Руаяль иеленеді. Олландтың серігі және бұрынғы еңбек министрі Мишель Сапен қаржы министрі болады.
Қазақстанда тәуелсіз «Ассанди-Таймс» газетін Алматының Медеу аудандық соты сәуірдің 1-і күні прокурор шағымы негізінде жабу туралы шешім шығарғанын басылым қызметкерлері келесі күні редакцияға келген сот орындаушыларынан естігенін айтады. Қазақстанда 2000 жылдардың басында шыға бастаған басылым жабылып қалып, 2013 жылдан бастап жұмысын қайта жаңғыртқан еді. Редакция ұжымы соттың шешіміне шағымданатынын мәлімдеді.
1 сәуірде Қырғызстанда парламенттік үш фракция - Социал-демократиялық партиясы, "Ар-Намыс" және "Ата-Мекен" партияларының мүшелері жаңа үкіметтік коалицияны жасақтағанын жариялады. Жаңа үкімет құрамына осыдан екі апта бұрын отставкаға кеткен үкімет мүшелері енді.
1 сәуірде Ресей Украинамен арадағы шекарасынан әскерін біртіндеп әкетіп жатқаны туралы хабарлады. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин Германия канцлері Ангела Меркельмен телефон арқылы сөйлескенде айтқан. Ресей қорғаныс министрлігі моторлы жаяу әскер батальоны әскери жаттығулар аяқталған соң Ростов облысынан кете бастағанын хабарлағанымен, аймақтан қанша әскер әкетілгені айтылмады.
2 сәуірде Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов отставкаға кетіп, президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл қызметке 2007-2012 жылдары да Қазақстан үкіметін басқарған Кәрім Мәсімовті тағайындау туралы жарлық шығарды. Қайта жасақталған Қазақстан үкіметі негізінен бұрынғы құрамда бекітілді. Серік Ахметов қорғаныс министрі болып тағайындалды. Мәжілістің бұған дейінгі төрағасы Нұрлан Нығматулинді президент әкімшілігінің жетекшісі қызметіне ауыстырылып, депутаттар Қабидолла Жақыповты мәжіліс спикері етіп сайлады. Мәжіліс депутаты, президент Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева әкесінің "Нұр Отан" партиясының парламенттегі фракциясының жетекшісі және мәжіліс вице-спикері болды.
2 сәуірде кешке АҚШ-тың Техас штатындағы Форт Худ әскери базасында қарулы адам үш адамды мерт қылып, он алты адамды жаралаған соң өзін өзі атып өлтіргені туралы хабарланды. АҚШ жаяу әскер министрі Джон Макхагтың айтуынша, 2008 жылы АҚШ қарулы күштері қатарына алынып, 2011 жылы Иракта төрт ай әскери қызмет атқарған күдіктінің психикалық жағдайына байланысты дәрігер оған дәрі-дәрмектер тағайындаған.
3 сәуірде баспасөз жиынында Украина ішкі істер министрі Арсен Аваков (суретте) Киевте 18-20 ақпан күндері "шерушілерге қарсы оқ атуға бұйрықты сол кездегі президент Виктор Янукович берген" деп мәлімдеді. «Шерушілерге оқ атқан кезде түсірілген» делінген видеоны ішкі істер министрлігі YouTube сайтындағы парағында жариялады. Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы Валентин Наливайченко Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) қызметкерлері Майдандағы шерушілерге қарсы "арнайы операцияның жоспарын құруға қатысты" деді. Қазір Ресейді паналап отырған Янукович өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.
3 сәуірде Астана әкімшілігіне өз үйі салынған жер телімінің "мемлекетке қажет" деген себеппен алынатынына қарсылық білдіруге барған қала тұрғыны Алтын Червалиеваны полиция ұстап әкетті. Жалғыз адамдық наразылық акциясына шыққан әйел билік алмақ болған жер теліміне әлеуметтік инфрақұрылымдар емес, шенеуніктерге арналған коттедждер салу жоспарланған дейді.
3 сәуірде Армения премьер-министрі Тигран Саркисян отставкаға кетті. Оған үкіметтің басым бағыттарының бірі болған зейнеткерлік реформасын Армения конституциялық соты елдің негізгі заңына қайшы деп тауып, оған түзетулер енгізу керектігі жайлы шығарған шешімі түрткі болған. Бұған дейін елде үкімет саясатына наразылық білдірген жұрт жаңа заң жұмысшылардың лайықты зейнетақы алуына кепілдік бермейтінін айтқан еді.
3 сәуірде Исламабадта Пәкістанның экс-президенті Первез Мушаррафтың кортежі өтіп бара жатқан жолда бомба жарылғаны, ешкім зардап шекпегені хабарланды. Жарылысқа жауапкершілікті ешкім мойнына алған жоқ. Бірақ полиция жарылысты Мушаррафқа қастандық жасау әрекеті деп бағалады. Бұның алдында ғана Мушаррафқа "мемлекетке опасыздық жасады" деген ресми айып тағылған еді. Мушарраф өзіне тағылған бес айыптың бір де біреуін мойындамай отыр.
3 сәуірде АҚШ президенті Барак Обама бұған дейін Конгресс мақұлдаған Украинаға 1 миллиард доллар көлемінде қаржылай көмек көрсету туралы заң жобасына қол қойды. Сол күні Ақ үйде Конгрестің қос палатасының жетекшілерімен кездескен Обама Украинаны қолдауға және осы елдің "тәуелсіздігі мен территориясының тұтастығын бұзған әрекетіне" жауап ретінде Ресейді оқшаулауға бағытталған халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін үйлестіруде АҚШ-тың жетекші роль атқаруды жалғастыратынын айтқан.
АҚШ сенатының барлау жөніндегі комитеті Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) жауап алуды жүргізу әдістеріне сын айтылған құпия баяндаманы жұртқа жариялау туралы шешімді көпшілік дауыспен қабылдады. Бұл шешімді АҚШ президенті Барак Обама қолдаған. Құжатта «жауап алудың жетілдірілген әдістері» деп аталған көбінесе қатыгез тәсілдердің тиімсіз болғандығы, олардың террористер жоспары туралы нақты ақпарат алуға көмектеспегені айтылады.
3 сәуірде бір жыл бойы қамаудың қатаң режимінде жазасын өтеп жатқан Вадим Курамшинді қамаудың сәл жеңілдетілген түріне ауыстыру туралы комиссия шешімі қабылданды. Түрмедегі тұтқындар құқығын қорғау қызметімен танылған белсенді Вадим Курамшин 2012 жылы желтоқсанда «бопсалау» бабы бойынша 12 жылға сотталған. Қазақстанның бірқатар құқық қорғау ұйымдары оны «саяси және ар-ұждан тұтқыны» деп таныған.
4 сәуірде Ауғанстанның шығысында полиция киіміндегі белгісіз адам германиялық журналист Аня Ниедрингхаусты атып өлтіріп, оның әріптесі – канадалық журналист Кэти Ганнонды ауыр жаралаған. Пәкістанмен шекара маңындағы Хост қаласында шабуылға ұшыраған бұл екі журналист Associated Press ақпарат агенттігінде жұмыс істейтін.
Қырғызстан соты экс-президент Құрманбек Бакиевті "британдық кәсіпкер Шона Дэйлиді өлтіру туралы сөз байласқан" деген айыппен 25 жылға соттады. Сондай-ақ, сот бұрынғы президенттің ұлы Максим мен інісі Жаныш Бакиевтерді өмір бойға, тағы бір ұлы Маратты - 20 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. 2005 жылы "қызғалдақ" төңкерісінің нәтижесінде билікке келген Құрманбек Бакиев 2010 жылы сәуірде президенттіктен қуылған. Оған "үкіметке қарсы демонстранттардың өліміне қатысы бар" деген айып тағылған Бакиев пен туыстары қазір шетелде бой тасалап жүр.
5 сәуірде Ауғанстанда президент сайлауы өтті. Бұған дейін елде демократиялық тәсілмен билік ауысып көрмеген. Сайлау өткен күні 350 мың сарбаз елде қауіпсіздікті күзетуге жұмылдырылды. Бұған дейін "Талибан" өкілдері сайлауды болдырмаймыз деп мәлімдеген еді.