Путин: Еуропамен газ келісімдері бұзылмайды

Ресей президенті Владимир Путин.

11 сәуір күні Ресей президенті Владимир Путин "Ресейдің еуропалық клиенттермен жасасқан газ келісімдерін бұзбайтынын" мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Путин "Ресейдің Украинаға газ тасымалын тоқтатпайтынын, бірақ газ ақысын уақтылы төлеуді талап етуі мүмкін" екенін айтты.

Ол бұл туралы Еуропа комиссиясы Ресейді газ контрактілерін сақтауға шақырғаннан кейін мәлімдеген.

Германияның қаржы министрі Вольфганг Шойбле 11 сәуір күні Вашингтонда ""Батыс Киевке Ресей алдындағы газ қарызын төлеуге жәрдемдесу мәселесін қарастыруы керек" деп мәлімдеді.

Ал Украина билігі "Мәскеу асыра айтып отырған қарыздарды төлеуге келіспейтінін" мәлімдеп, газды Еуропадан сатып алуға тырысатынын хабарлады.

Украина энергетика және көмір министрі Юрий Продан "Украина Ресейдің газ бағасын көтеруіне қатысты Стокгольмдегі арбитраждық сотқа жүгінетінін" мәлімдеді.