Молдова ЕО-дан көмек күтеді

Молдова экономика министрі Валерий Лазар.

Молдованың еуропашыл билігі "Украина арқылы келетін Ресей газы тоқтатылған жағдайда Еуропа Одағынан (ЕО) көмек күтетінін" мәлімдеді. Бұл туралы 11 сәуір күні Азаттыққа Молдова экономика министрі Валерий Лазар хабарлады.

Мұның алдында Ресей президенті Путин Еуропаның 18 еліне (арасында Молдова да бар) "Украина газ қарызын қайтармаса, Батыс және Орталық Еуропаға газ беруді тоқтатуы мүмкін" екенін ескертіп хат жазған.

Лазар "жағдай ушықпайды" деп үміттенетінін айтады. Ол "Егер іс шынымен насырға шапса, Еуропа елдерінің Молдованың энергетикалық проблемаларын шешуге көмектесетініне сенем" дейді.

Министр "Молдованың көршілес елдер - Румыния мен Украинадан (Ресей емес, украин газы - ред.) газ алуға мүмкіндігі бар" екенін айтады. Маусым айында ЕО-мен Молдова ассоциация туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Бірақ Молдова - Ресей газына толық тәуелді мемлекет.