Апта бейнелері: 14 - 19 сәуір
14 сәуір күні Астанада Ресей елшілігі алдында Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіне, ресейлік саясаткерлер Владимир Жириновский мен Эдуард Лимоновтың Қазақстанға қатысты мәлімдемелеріне наразылық білдірген белсенді Мұратбек Арғынбековті полиция ұстап әкетті.
Суретте: полиция өкілдері Ресей елшілігі алдында наразылық танытқан белсенді Мұратбек Арғынбековті (ортада) ұстап алып барады. Астана, 14 сәуір 2014 жыл.
15 сәуір күні азаматтық белсенді Мұрат Телібековтің үстінен әкімшілік іс қозғалып, ол аз уақытқа полиция қамауына алынған. Адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Телібековтің үстінен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 374-1 бабы бойынша ("Қазақстанда заң бойынша тіркелмеген қоғамдық, я діни ұйымды басқару, қызметіне қатысу, қаржыландыру") әкімшілік іс қозғалған. Тіркелмеген "Демократиялық Қазақстан" қоғамдық ұйымының жетекшісі Мұрат Телібековтің ісі 21 сәуір күні әкімшілік сотта қаралмақ.
Суретте: Мұрат Телібеков - азаматтық белсенді. Алматы, 15 сәуір 2014 жыл.
15 сәуір күні Астанадағы "Әлем" базарында ондаған ет сатушылары базар алдындағы көшеге шығып, наразылық білдірді. Олар өздеріне базар әкімшілігінің белгілі мөлшерде ет сату туралы міндеттеме қойғанымен келіспей, оны алып тастауды талап еткен. Базар әкімшілігі бұл мәселеге байланысты журналистерге түсініктеме беруден бас тартты.
Суретте: "Әлем" базарындағы ет сатушылар наразылық білдіріп тұр. Астана, 15 сәуір 2014 жыл.
15 сәуір күні Германиядағы танымал таблоид - Bild басылымы Ресейдің Украинадағы «гегемониялық әскери саясатына наразылық ретінде» Берлиндегі соғыс мемориалынан совет танкілерін алып тастауды ұсынды. «Ресей танкілері еркін, әрі демократиялық Еуропаға қауіп төндірген қазіргі кезде Ресей танкілерінің Бранденбург қақпасында тұрғанын қаламаймыз» деп жазған басылым пікірді жақтайтындарды петицияға қолдарын қойып, наразылық петициясын Германия парламентінің төменгі палатасы – Бундестагқа жіберуге шақырды.
Суретте: Берлиндегі соғыс мемориалының алдында тұрған совет танкісі. Германия, 15 сәуір 2014 жыл.
15 сәуір күні Мәскеуде кездескен (солдан оңға қарай) Беларусь премьері Михаил Мясникович, Ресей премьері Дмитрий Медведев және Қазақстан премьері Кәрім Мәсімов Еуразия экономикалық одағын құруға байланысты даулы мәселелерді талқылаған. Кездесуден соң баспасөз жиынында Кәрім Мәсімов келіссөздер барысында "үш елдің экономикалық мүдделерінің бір-бірімен сай келуін басшылыққа алынғанын" айтып, "енді сәл пысықтап алған соң құжат мемлекет басшыларының қол қоюына дайын болады" деп хабарлады.
Жерін «мемлекетке қажет» деген уәжбен алуға қарсы астаналықтар осы аптада екі рет: дүйсенбіде парламент үйі алдында, келесі күні бас прокуратура жанында наразылық акциясын өткізді. Екінші акцияда оларды балаларымен бірге полиция ұстап әкетіп, сәлден соң босатқан. Астана әкімшілігі алынған жерге «заңға сай өтемақы» берілетінін хабарлады. Жұма күні наразылармен кездескен мәжіліс депутаттары көмектесуге уәде бергенімен, сот қызметіне араласа алмайтынын айтты.
Суретте: Жер телімдерінің "мемлекет қажетіне" алынуына наразы әйелдер өздерін шарбаққа шынжырмен таңып тастады. Астана, 15 сәуір 2014 жыл.
15 сәуір күні Ирак билігі батысындағы Анбар провинциясында орналасқан атышулы Әбу-Грейб түрмесін жабатынын хабарлады. Ирак әділет министрлігі таратқан арнайы мәлімдемеде бұл шешім "түрме қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі алдын-алу шараларының бір бөлігі" ретінде түсіндірілген. Түрмедегі 2400 тұтқын басқа колонияларға ауыстыру туралы шешім қабылданған. Анбар провинциясында бірнеше айдан бері үкімет күштері мен сүнниттік қарулы топтар арасында қақтығыс жүріп жатыр.
15 сәуір күні Иранда ел алдында қылмыскерді дарға тарту жазаларының бірі орындалмай қалды. Соңғы сәтте қылмыскердің қолынан ұлы өлген әйел оған кешірім жасады. Жәбірленушінің туыстары мойнына тұзақ ілінген қылмыскер тұрған орындықты құлатуы керек еді. Оның орнына ұлы өлген әйел келіп жәбірленушінің бетінен шапалақпен тартып жіберді де, "кешірдім" деп мәлімдеді. Бұл оқиғадан түсірілген суреттер интернет арқылы лезде тарап, жұрттың назарын аударды.
16 сәуір күні таңертең Оңтүстік Кореяның оңтүстік-батыс жағалауынан жиырма шақырымдай қашықта теңізде жолаушылар кемесі суға батты. Чеджу аралына бара жатқан кемеде барлығы 475 жолаушы мен экипаж мүшесі болған. Ресми ақпаратқа сәйкес, апат салдарынан 25 адам қаза болып, 271 адам хабарсыз хабарсыз кеткен. Бұл кемемен Сеул маңындағы Данвон мектебінің 340 оқушысы мен ұстаздары саяхатқа кетіп бара жатқан еді. Жоғалған адамдары іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
16 сәуір күні «ВКонтакте» әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Павел Дуров компаниядағы үлесін сатуға өзін Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мәжбүрлегенін мәлімдеді. Ол ФСБ өзінен Украинадағы Еуромайдан белсенділері туралы ақпараттарды беруді талап еткенін, бірақ ол талапты орындаудан бас тартқанын хабарлады.
Суретте: Павел Дуровтың «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі парақшасы.
16 сәуір күні ұлыбританиялық The Financial Times газеті Ұлыбритания ішкі істер министрлігі Қазақстан тарабынан күшейген лоббилік әрекеттен соң бұрынғы қазақстандық банкир, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басты саяси бәсекелесі Мұхтар Әблязовқа берілген саяси босқын статусын қайтарып алуды ұйғарды деп хабарлады. Былтыр жаздан бері Францияда қамауда отырған Мұхтар Әблязовтың адвокаттары Ұлыбритания билігі Әблязовтың босқын статусы туралы ол қашып шыққан елмен құпия келіссөз жүргізіп, босқындар туралы халықаралық заңды бұзып отыр деп мәлімдеді.
16 сәуір күні баспасөз құралдары Донецк аймағындағы Славянск қаласы маңына жеткізілген 25-ші әуе-десант бригадасының бөлімшелері қалада билік ғимараттарын басып алған сепаратистер жағына шығып кеткенін хабарлады. Украина президенті міндетін атқарушы Александр Турчинов Славянскіде қаруларын тапсырған әскери қызметкерлері «сот алдында жауап беретінін» мәлімдеді.
Суретте: Әскери киімдегі адамдар бронетранспортермен кетіп барады. Славянск, 18 сәуір 2014 жыл.
17 сәуір күні Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетов отандық банктер қазіргі сәтте «өздерінің негізгі міндеттерін атқармайды, яғни ел экономикасын қаржыландырмай отыр» деп мәлімдеді. Ол сонымен бірге Ұлттық банк Қазақстан банктерінің ең төменгі капитал мөлшерін 10 миллиард теңгеден 100 миллиард теңгеге дейін көбейтуді ұсынып отырғанын хабарлады. «Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген жағдайда қазақстандық бқазақстандық банктер бәсекеге қабылетті болуы тиіс» деп түсіндірді ол.
17 сәуір күні Женевада күні бойы келіссөздер жүргізген Украина, Ресей, АҚШ және Еуропа Одағы өкілдері Украинадағы дағдарысты шешу шараларын жасау туралы келісімге келгенін хабарлады. Олар Украинадағы барлық заңсыз қарулы топтарды үкімет ғимараттарын басып алуды тоқтатып, зорлық-зомбылықты доғаруға және өздігінен тарауға шақырды. Украина билігі тәртіпсіздіктер кезінде үкімет ғимараттары мен кейбір нысандарды басып алғандарға рақымшылық жариялауға келісті. Кейін АҚШ президенті Барак Обама егер Женевада қол жеткен уағдаластық орындалмайтын болса Ресейге қарсы "басқа да санкциялар салу жайын қарастырып жатқанын" хабарлады.
Суретте: Украина мәселесі бойынша келіссөздерге қатысушылар. Женева, 17 сәуір 2014 жыл.
17 сәуір күні Қазақстан Жоғарғы соты балқаштық адвокат Зинаида Мухортованың өзін психиатриялық клиникаға еркінен тыс жатқызуға қатысты шағымын қарауды кейінге қалдырды. Бұрын екі мәрте жатып шыққан психиатриялық ауруханаға тағы да күшпен қамалу қаупінен қорыққан Мухортова былтыр желтоқсан айында елден кетіп қалған. 2009 жылы парламент депутаты Ерлан Нығматулиннің үстінен Қазақстан президентіне жазған шағым хаты 57 жастағы адвокат әйелдің өмірін астаң-кестең етіп, психиатриялық клиникаларға қамауға ұласты. Ол клиникада өзіне күштеп дәрі беріп «емдеп», азапқа салғанын айтқан.
17 сәуір күні әлемге әйгілі жазушы, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері Габриэль Гарсиа Маркес 87 жасында Мексикадағы үйінде дүниеден өтті. Қаламгер қазасына байланысты Отаны - Колумбияда үш күн аза тұту жарияланды.
18 сәуір күні Алматының Бостандық аудандық сотының оппозициялық «Правдивая газета» басылымын жабу туралы шешімі күшіне енді. Бұл туралы Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасының судьясы Інжу Әлихан (суретте) мәлімдеді, ол 24 ақпан күнгі Бостандық аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Қазақстандағы санаулы оппозициялық басылымдардың бірі - «Правдивая газета» Бостандық аудандық прокурорының талабы бойынша жабылды. Прокуратура басылымға «бір жыл ішінде үш рет әкімшілік сот санкциясына ілікті» деген айып таққан.
18 сәуір күні Астанада Қазақстан халықтары ассамблеясының 21 сессиясында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Украина халқы тап болған ішкі мәселелерін өзгелердің араласуынсыз, барлық мүдделі тараптардың бейбіт келіссөздер жүргізуі арқылы өздері шешуі тиіс" деп мәлімдеді. "Украина - біздің ТМД-дағы ең жақын серіктеріміздің бірі. Бізді Украинамен ондаған жылдар бойғы өзара ынтымақтастық қатынастар ғана байланыстырмайды. Екі ел тарихының бір-бірімен ұқсас тұстары да бар" деген Назарбаев.http://www.azattyq.org/archive/news/20140418/330/330.html?id=25354120
18 сәуір күні ҚР байланыс және ақпарат агенттігі танымал тұлғалар жайлы жазатын қазақтілді «Аңыз адам» журналы соңғы санының мазмұнында «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру (Қылмыстық кодекстің 164-бабы) белгілері барын» мәлімдеп, осы факті бойынша агенттік «тиісті шаралар қабылдап» жатқанын хабарлады. Сәуір айындағы санын тұтасымен Адольф Гитлерге арнаған журналда нацистер көсемі туралы екіұшты комментарийлер берілген еді.
Суретте: Адольф Гитлерге арналған «Аңыз адам» журналының №8 саны сатылып тұрған дүңгіршек. Алматы, 18 сәуір 2014 жыл.
18 сәуір күні Reuters агенттігі қазақстандық оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовтің әйелі мен кәмелетке толмаған қызына "Италия босқын мәртебесін бергенін" хабарлады. Адвокат Антон Джулио Лана Reuters агенттігіне "Италия ішкі істер министрлігінің Алма Шалабаева и мен қызы Алуаға мерзімі ұзартылып тұратын тұрақты тіркеу құқығын бергенін" айтқан. Олар Қазақстанға 2013 жылы маусымда Италиядан әкелінді. Алма Шалабаева мен қызына 2013 жылы желтоқсанда Қазақстанның құқық қорғау органдары Италияға кетуге мұрсат берді.
Мұхтар Әблязовты Қазақстан үкіметі "экономикалық қылмыстар жасады" деп айыптайды. 2013 жылы маусымда Францияда ұсталған ол қазір сонда қамауда отыр. 9 сәуір күні Франция соты Әблязовты Ресей мен Украинаның біріне экстрадициялау туралы шығарылған әуелгі шешімнің күшін жойды. Мұхтар Әблязов бұл істердің саяси астары бар деп мәлімдеген.