Мәсімов: ЕЭО келісімінің даулы тұстарын талқыладық

Солдан оңға: Беларусь премьері Михаил Мясникович, Қазақстан премьері Кәрім Мәсімов, Ресей премьері Дмитрий Медведев. Мәскеу, 15 сәуір 2014 жыл.

Мәскеудегі кездесуде Қазақстан, Ресей және Беларусь премьер-министрлері Еуразия экономикалық одағын құруға байланысты даулы мәселелерді талқылады деп хабарлады Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі.

15 сәуірде өткен кездесуде Ресей премьері Дмитрий Медведев, Қазақстан премьері Кәрім Мәсімов және Беларусь премьері Михаил Мясникович келісім жобасының мұнай-газ саласы, ауылшаруашылығы, теміржол және автомобильмен жүк тасымалдауға қатысты тұстарын талқылаған.

Кездесу қорытындысы бойынша өткен баспасөз жиынында Кәрім Мәсімов келіссөздер барысында "үш елдің экономикалық мүдделерінің бір-бірімен сай келуін басшылыққа алынғанын" айтқан.

"Бүгін барлық даулы сұрақтар талқыланды, енді сәл пысықтап алған соң құжат мемлекет басшыларының қол қоюына дайын болады" деген ол.

Биыл мамыр айында Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері үш ел интеграциясының Кеден Одағынан кейінгі кезеңі - Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісім-шартты соңғы рет пысықтап, қол қоюды жоспарлап отыр.

Келісім-шарттың 800 беттік жобасы интернетте жарияланды. Ресей экономикалық даму министрлігінің сайтында жарияланған нұсқасында Кеден Одағына мүше елдердің ескертпелері бар. Қазақстан да кейбір мәселелер бойынша келіспейтінін білдіріп, ескертулер жасаған.

Ал Украинадағы дағдарыс күшейе түскен соң қазақстандық кейбір саясаткерлер "Еуразиялық интеграцияны тежей тұру" туралы айта бастаған. Қазақстанда бірқатар қоғамдық ұйымдар мен белсенділер елдің бұндай одаққа қосылуына қарсылық білдіріп келеді.