Гитлер жайлы жазған журнал дауға қалды

Адольф Гитлерге арналған «Аңыз адам» журналының №8 саны сатылып тұрған дүңгіршек. Алматы, 18 сәуір 2014 жыл.

Қазақстандық "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналы сәуір айындағы санын Адольф Гитлердің жеке тұлғасын талқылауға арнап, дауға қалды.

Журналдың кезекті саны тұтасымен нацистер көсеміне арналған: Гитлердің жолдастары мен серіктерінің естеліктері, Гитлердің "Майн кампф" кітабынан үзінділер келтірілген. Кітаптағы Гитлердің түрлі-түсті суреті журналдың мұқабасына басылған.

Журналдың санында "Гитлер - фашист емес", Гитлер сіз үшін кім?" және Гитлер - екінші дүниежүзілік соғыстың басты әскери қылмыскері" деген тақырыптар бар. Журналда бұған қоса қазақстандық тарихшылар, сарапшылар мен азаматтық белсенділердің қарама-қайшы пікірлері де берілген.

Бүгін Қазақстанның байланыс және ақпарат агенттігі журналдың соңғы санында жарияланған материалдарда "Қазақстан конституциясы мен заңнамаларындағы әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік және діни алауыздықты қоздыру туралы бабын бұзатын белгілер бар" деп мәлімдеді.

Журнал 25 мың дана таралыммен жарық көрген. Басылым редакциясы бұл жанжалға байланысты әзірге пікір білдірмеді.

Бұған қатысты Азаттық материалын бүгін сайтымыздан оқисыздар.