Ресей Украинадағы "арандатуға" наразы

Славянскідегі ресейшіл сепаратист. 18 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей сыртқы істер министрлігі Украинаның шығысындағы Славянск ауданында болған атысқа қатысты "наразы" екенін мәлімдеді. Атыс жексенбіге ауған түні болған.

Ресей сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде 20 сәуірге ауған түні Славянск маңындағы ресейшілдер орнатқан бақылау-өткізу пунктіне жасалған шабуылдың Украина билігінің Пасха мерекесі кезінде бейбітшілікке шақырған үндеуін бұзатыны, мұның "Киевтің экстремистер мен ұлтшылдарды тыныштандырып, қарусыздандыруға ынталы емес екенін білдіретіні" айтылған.

Түнде Славянск қаласының маңындағы ресейшілдер орнатқан бақылау-өткізу пунктіне шабуыл жасалған еді. Сепаратистерге таяу келген көліктен біреулер оқ атқан.

Украина билігі "атыста бір адам қаза тауып, үш адамның жараланғанын" хабарлады.

«Россия-24» телеарнасы "пунктте болған - үш, шабуыл жасаған - екі, жиыны бес адамның опат болды" дейді.

Ресей сыртқы істер министрлігі шабуылға украиналық «Оңшыл сектор» ұйымының қатысы бар деп мәлімдеді. Бұл ұйымды Ресей "Украинадағы толқуларды ұйымдастырды" деп айыптап келеді.