Сеул: Кеме капитанының ісі "кісі өлтірумен" тең

Құтқарушылар суға батқан кемеден табылған адам денесін алып барады. Оңтүстік Корея, 20 сәуір 2014 жыл.

Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хе 16 сәуірде суға батқан жолаушылар кемесі экипажының әрекетін "кісі өлтірумен тең" деп бағалады.

Пак Кын Хенің айтуынша, кеме капитаны мен оған бағынышты бірнеше теңізшінің әрекетін "мүлдем түсінуге де, қабылдауға да келмейді" деп атады. 20 сәуірде жарияланған теңізшілер арасындағы әңгімелердің жазбаларынан экипаж төтенше жағдай кезінде жолаушыларды қашан және қалай эвакуациялау жайын шеше алмаған.

Соңғы деректер бойынша, кеменің суға батуынан қаза тапқан адам саны 64-ке жеткен. 240-тан астам адам із-түзсіз жоғалған.

Кеме суға батқанда бортында 476 адам болған, көпшілігі - мектеп оқушылары. Кеме капитаны мен экипаждың тағы алты мүшесі қамауға алынды. Оларға "қызметіне немқұрайды қарады" деген және басқа да айыптар тағылған.