Апта бейнелері: 21 - 26 сәуір

21 сәуір күні Қазақстанның түрлі облыстарынан жиналған 13 адам "Нұр Отан" партиясының Астанадағы орталық кеңсесіне шағыммен келді. Олар Солтүстік Қазақстан облысы Саумалкөл ауылындағы ЕС-164/8 түзеу колониясында жазасын өтеп жатқан туыстарын ұрып-соққанын мәлімдеген. Тұтқындардың туыстары парламент депутаттарынан комиссия құрып, тексеру жүргізу үшін колонияға баруға шақырды.

Суретте: Солтүстік Қазақстан облысы Саумалкөл ауылындағы түрмеде отырған тұтқындардың туыстары "Нұр Отан" партиясының алдында тұр. Астана, 21 наурыз 2014 жыл.

Диссидент, 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасына байланысты іс бойынша 18 жылға сотталған Арон Атабек (Арон Едігеев) Павлодардағы АП-162/1 түрмесіне ауыстырылғаны туралы Азаттыққа оның ұлы Асқар Айдархан хабарлады. Ол электрондық поштамен алған хабарламада Арон Атабектің Павлодардағы түрмеге 7 сәуірде әкелінгені айтылған.

21 сәуір күні Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында ауған соғысы ардагерлері мен бір топ белсенді Адольф Гитлер жайлы қарама-қайшы материалдар басқан "Аңыз адам" журналына наразылық акциясында басылым санын өртеді. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі журналдың Гитлерге нөмір арнауы "мүлдем орынсыз және өрескел жайт" деп мәлімдеді. Ресейдің Астанадағы елшілігі Қазақстан СІМ-не даулы мақалаларға қатысты наразылық нотасын жіберген. Қазақстан бас прокуратурасы жарияланған материалдар мазмұнына тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Әзербайжан билігі белгілі журналист Рауф Миркадыровқа "тыңшылық жасаған" деген айып тағып, үш айға қамауға алды. Журналист "2008 жылы Армения арнайы қызметіне кіріп, Ереванға Әзербайжанның мемлекеттік құпияларын жеткізіп отырған" деген күдікке ілінген. Миркадыров 19 сәуірде Түркиядан депортацияланғаннан кейін Бакуде қамауға алынған.

Сәуірдің 21-і және 22-і күндері Украинада сапармен болған АҚШ вице-президенті Джо Байден АҚШ-тың Украинаның экономикасын қалпына келтіруіне көмектесуге дайын екенін мәлімдеді. Байден бұл елде коррупцияның алдын-алып, басқа да күрделі мәселелерді шешу үшін көп жұмыс атқарылуы қажет екенін айтты. Оның сөзінше, Вашингтон Украина басшыларының елді топтастыруын, елдің энергетикалық тәуелсіздікке ұмтылуын қолдайды. Жоғарғы радада сөйлеген Байден Украинада 25 мамырда өтетін сайлауды бұл мемлекеттің тарихындағы "ең маңызды оқиға" болады деп атады.

Суретте: АҚШ вице-президенті Джо Байден (сол жақта) мен Украина премьер-министрі Арсений Яценюк. Киев, 21 сәуір 2014 жыл.

22 сәуір күні Украинаның шығысындағы Славянск қаласында сәуірдің 20-сына қараған түні болған атыста қаза тапқандарды ақтық сапарға шығарып салды. Құқық органдарының хабарлауынша, қалаға кірер жолда ресейшіл белсенділер орнатқан бекетке белгісіз біреулер қарулы жасаған шабуылдан үш адам қаза тапқан.

22 сәуір күні Мәскеуде Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан мен Түркіменстан сыртқы істер министрлері кездесті. Кездесуде қыркүйекте Астрахань қаласында өтетін бес ел басшыларының саммитіне Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны даярлау жұмыстарын жалғастыру жайы талқыланған. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "конвенция саммитке дейін дайын болмайды" деген. Каспий бойындағы бес ел табиғи байлықтарды бөлісу туралы бір мәмілеге келе алмай жүргеніне көп болды.

22 сәуір күні Мемлекеттік думада сөйлеген Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев "әлем экономикасындағы тұрақсыздықтан Ресей экономикасы қатты қиындық тартып отыр" деп мәлімдеді. Ол әлемдік экономикадағы проблемалар Ресей экономикасына да әсер етіп, оған "дипломатиялық ахуал" мен отандық "кейбір құрылымдық мәселелер" де қосылғанын айтты. Ресей үкіметі халықаралық қауымдастықтың Мәскеу Қырымды аннексиялап алған соң енгізген санкцияларының "әсерін азайтуға" жұмыс істеп жатқанын жеткізген Медведев санкциялар үкіметтің экономикалық жоспарларына "айтарлықтай үлкен өзгерістер енгізбейтінін" айтып, "барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалатынына" уәде берді.

23 сәуір күні Астанадағы қылмыстық-атқару жүйесі комитеті алдына пикетке шыққан павлодардық Марина Мищенконы кейін оқиға орнынан кеткен соң полиция ұстады. Бұның алдында Мищенко сияқты Қазақстанның түрлі облыстарынан жиналған 13 адам "Нұр Отан" партиясының Астанадағы орталық кеңсесіне шағыммен барған еді. Олар Солтүстік Қазақстан облысы Саумалкөл ауылындағы ЕС-164/8 түзеу колониясында жазасын өтеп жатқан туыстарын ұрып-соққанын мәлімдеген. Тұтқындардың туыстары парламент депутаттарынан комиссия құрып, тексеру жүргізу үшін колонияға баруға шақырды.

Суретте: Марина Мищенко қылмыстық-атқару жүйесі комитеті алдында пикетте тұр. Астана, 23 сәуір 2014 жыл.

АҚШ-та былтыр Бостон марафоны кезіндегі жарылыстарға қатысты "тергеу ісіне кедергі келтірмек болды" деп айыпталған қазақстандық Диас Қадырбаев соттан өз ісі бойынша сот процесін бастауды жоспарланған мерзімінен кейінге шегеруді сұраған. Қадырбаевтың адвокаттары оның себебін жарылыстарға басты айыпты деп танылған Джохар Царнаевтың ісінің қазір "аса танымал болып отырғандығы алқа сотына объективті үкім шығаруға кедергі келтіреді" деп түсіндірген. Бұған дейін Бостон федералдық соты Диас Қадырбаев және онымен бірге ұсталған тағы бір қазақстандық Азамат Тәжаяқовтың сотын 23 маусымға белгілегені хабарланған еді.

Суретте: Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Джохар Царнаев. Сурет Диас Қадырбаевтың әлеуметтік желідегі парағында жарияланған.

23 сәуір күні "ВКонтакте" әлеуметтік желісінің негізін салушы Павел Дуров Ресейде қазір "интернет бизнесті жүргізу мүмкін еместігі" себепті елден кеткенін мәлімдеді. Қай елге кеткенін жарияламаған Дуров өзін "ВКонтакте" компаниясы жұмыстан шығарғаны туралы ақпарат құралдарынан естіп-білгенін хабарлаған. Ол компаниядағы 12 пайыз акциясын биліктің қысымымен сатқанын айтқан. Осы аптада Ресей мемлекеттік думасы мақұлдаған жаңа заң жобалары әлеуметтік желілер мен блогтарды шектеп, Google сияқты электронды ақпарат таратумен айналысатын шетелдік компанияларды Ресейде тіркеуден өтуге міндеттейді.

23 сәуірде Ресей мемлекеттік RT телеарнасына берген сұхбатында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров өз елі "егер орыс азаматтарының мүддесіне қауіп төнсе, 2008 жылы Оңтүстік Осетияда жасалғандай жауап шараларын" қолданатынын мәлімдеді. Сонымен бірге ол Украинамен шекарада тұрған Ресей әскері "Украинаға кірмегенін" және Украинадағы оқиғаларды "АҚШ басқарып отыр" деп айтқан.

26 сәуірде Украина ішкі істер министрлігі елдің шығысындағы Славянск қаласында ресейшіл сепаратистер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) әскери бақылаушыларын ұстап алғанын хабарлады. Шығыс Украинада журналистер, жергілікті саясаткерлер, қарапайым азаматтар жоғалуы жиілеп кетті. Олардың кейбірін, мысалы, АҚШ журналисі Саймон Островский сияқты бірнеше күннен соң босатса, кейбіреулері сепаратистер қамауында әлі отыр. Ал 22 сәуірде Славянск маңында "азаптау белгісі бар" екі адамның денесі табылған. Қаза тапқандардың бірі - "Батькивщина" партиясының мүшесі Владимир Рыбак.

Суретте: әскери киімдегі қарулы адам Украиналық журналист Ирма Краттың көзін байлап алып барады. Славянск, 21 сәуір 2014 жыл.

25 сәуір күні Азаттыққа сұхбат берген Молдова президенті Николае Тимофти Ресейді Приднестровье аймағындағы әскерін әкетуге шақырды. Ол "Молдованың НАТО-ға мүше болған жағдайда қауіпсіздігі күшейтілетінін" айтты. Тимофти "Ресей ақпарат құралдарында пост-советтік республикалардың шекарасын өзгерту туралы айтылып жүргенін" атап өтті.

Суретте: Молдова президенті Молдова президенті Николае Тимофти Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Прага, 25 сәуір 2014 жыл.

25 сәуір күні Ауғанстанда су тасқынынан 100-ден аса адам қаза тауып, мыңдаған адам көшірілді. Елдің солтүстік және солтүстік-батыс аймақтарында екі күн толассыз жауған нөсер соңы тасқынға ұласты. Полицияның хабарлауынша тікұшақтар 1 мың 500 адамды қауіпсіз жерге апарып үлгерген. Билік өкілдері 25 сәуір күні Жаузжан провинциясында 55 адамның мәйіті, Фарьяб провинциясынан - 33 мәйіт, Герат провинциясынан - алты, Бадгис и Сари-Пуль провинцияларынан 13 адамның денесі табылғанын хабарлады.

26 сәуір күні Татарстан ақсақалдар кеңесі, Татар қоғамдық орталығы және қырым татарларының Меджлисі сияқты бірнеше татар ұйымдары Қырым татарларының лидері, Меджилистің бұрынғы төрағасы, совет диссиденті Мустафа Джемилевті Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынды. Бұған дейін Ресей аннексиялап алған Қырымға Мустафа Джемилевтің алдағы бес жыл бойына кіруіне тыйым салынғаны туралы ақпарат тараған еді.