Мустафа Джемилевті Нобель сыйлығына ұсынды

Қырым татарлары меджилисінің бұрынғы төрағасы Мустафа Джемилев.

Қырым татарларының лидері, Меджилистің бұрынғы төрағасы Мустафа Джемилев Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынылды. ВВС-дің хабарлауынша, оның кандидатурасын Татарстан ақсақалдар кеңесі, Татар қоғамдық орталығы және қырым татарларының Меджлисі сияқты бірнеше ұйым аталған сыйлыққа лайықты деп тапқан.

Татар ұйымдарының бірлескен мәлімдемесінде Джемилевтің арқасында қырым татарларының Украина қоғамының ажырамас бөлігіне айналғаны айтылған.

Мустафа Джемилев – аса танымал совет диссиденттерінің бірі. Ол сталиндік депортацияға ұшыраған туған халқын тарихи атамекені – Қырымға қайтару мақсатында күресіп, 15 жылдан астам уақыт совет түрмелері мен лагерлерінде қамауда болған.

Қырым татарларының лидері Джемилев бұған дейін де екі рет – 2009 және 2011 жылдары Нобель сыйлығына ұсынылған еді.