ЕО ресейлік 15 адамға санкция салды

ЕО санкциясына ілікендердің бірі - Ресей вице-премьері Дмитрий Козак.

29 сәуірде Еуропа Одағы (ЕО) виза беруге тыйым салынып, активтері бұғауланатын Ресейдің 15 азаматының тізімін жариялады. Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне қатысты санкцияларға ілінгендердің арасында Ресей вице-премьері Дмитрий Козак, мемлекеттік дума спикерінің орынбасары Людмила Швецова, Ресей қарулы күштері бас штабының бастығы генерал Валерий Герасимов, Ресей әскери барлау қызметінің (ГРУ) басшысы Игорь Сергун бар.

Тізімде Ресейге қосылған Қырымның, Украинадағы Луганск және Донецк қалаларындағы ресейшіл сепаратистердің басшылары да бар.

Санкция салынған ресейліктер туралы тізімге қосымша таратылған мәлімдемеде ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон "Украинаның шығысында қауіпсіздіктің нашарлағанына алаңдаушылық білдірген".

Эштон тізімде аты аталғандар "Украинаның еркіндігі мен егемендігіне, территориялық тұтастығына қатер төндіргендіктен" санкцияға ілінгенін айтады.