Сот: Қашағанға қатысты айыппұл - заңды

Қашаған кенішіндегі жасанды арал. (Көрнекі сурет)

Атырау облыстық ауданаралық экономикалық соты Қашаған кен орнын игеріп жатқан "Аджип ККО" және "North Caspian Operating Company" компанияларының облыстық экологиялық департаменттің қоршаған ортаны ластағаны үшін экологиялық айыппұлдар төлеу туралы шешіміне қарсы шағымын қанағаттандырмады.

Облыстың сот таратқан ақпаратқа қарағанда, сот 29 сәуір күні компаниялардың Қашаған кенішіндегі апаттан кейін ондағы газ құбырларының ақауын тексерген соң айыппұл салынуына қарсы шағымын қарап, оны қанағаттандырудан бас тартқан.

Сот Қазақстанның қоршаған орта және су ресурстары министрлігі экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің Атырау облыстық департаментінің қос компанияға айыппұл салу туралы актісін күшінде қалдырған.

Бірақ сот шешімі әлі күшіне енген жоқ. Компаниялар сот шешіміне қарсы шағым беретіндерін айтады.

Наурыздың басында облыстық департамент улы газдың жануынан ауаға лас заттар тарап, экологияға келтірілген зардапты өтеу туралы акт шығарған. Экологтар апаттан қоршаған ортаға келген зардап көлемін 134,2 миллиард теңге деп бағалаған.

Қашаған кенішінен құрлыққа Каспий теңізінің табанымен тартылған 90 километр екі құбырдан былтыр қыркүйекте, кеніштен алғаш мұнай өндіріле бастағаннан кейін көп ұзамай ақау табылған еді. Құбыр мұнайдан шығатын улы газдан зақымданып, мұнай өндіру тоқтатылған.

Қашаған кенішіндегі өндіруге болатын мұнай қоры - 13 миллиард баррель деген болжам жасалған. Алайда кенішті игеру жобасы белгіленген мерзімнен 10 жылға кешігіп отыр. Кенішті игеру құны әуелде 50 миллиард АҚШ долларына бағаланған еді. Бірақ кейін ол сома 135 миллиард АҚШ долларына дейін көбейді.