Петропавлда еріген қар өзен суын көбейтті

Көрнекі сурет.

Петропавл қаласында бірнеше үйді еріген қар суы басты деп хабарлайды «Қазақстан жаңалықтары» агенттігі.

«3 мамыр күнгі сағат 7-дегі жағдай бойынша, Есіл өзенінде су деңгейі көтерілуі салдарынан Петропавлда, негізінен Заречный және Кожзавод елдімекендерінде алты тұрғын үй мен 36 қосалқы үй-жайды су басқан. Ол үйлердің иелері қауіпсіз жерге көшіруден бас тартты» деп хабарлаған бүгін Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі.

Ресми ақпарат бойынша, 2 мамыр күні төтенше қызмет өкілдері Заречный елдімекеніне арнайы көлікпен азық-түлік өнімдерін жеткізген. Елді мекенге баратын көлік жолының бір бөлігін су басқан.

«Осы күні төтенше жағдай қызметі 107 жергілікті тұрғынға (арасында 1 сырқат бар) су басқан жерден өтуіне жәрдем көрсеткен. Жергілікті атқарушы органдар Заречный кентіне 50 қосымша өткел жабдықтарын жеткізген» деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті.

Қазақпараттың хабарлауынша, ауа райын болжаушылар Есіл өзеніндегі су деңгейі соңғы тәуліктердегі бақылау бойынша бұрынғыдай қалып отырғанын айтады.

«Петропавлда су тасқыны биік деңгейге жетті. Бір тәулікте су деңгейі 1093 сантиметрден 1094 сантиметрге дейін көтерілді» деп хабарлаған «Қазгидромет» кәсіпорны жергілікіт филиалы.

Ақмола облысы аумағынан құйылып жатқан мол суға байланысты Аққанбұрлық өзенінде су деңгейі көтерілгені байқалған. Долматово ауылы маңында да Есіл өзеніндегі су деңгейі жоғарылаған. Онда су тәулігіне 28 сантиметрге көтеріліп, 1362 сантиметрді құраған.