Апта бейнелері: 28 сәуір - 3 мамыр
Сәуірдің 28-і күні Шымкент қаласы Абай аудандық соты 2012 жылы желтоқсанда Шымкент қаласының түбінде апатқа ұшыраған «Ан-72» әскери ұшағына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша «Қазаэронавигация» компаниясының Шымкенттегі филиалының диспетчері Қанат Ақылбеков айыпты деп тауып, оны 6 жылға соттау туралы үкім шығарды. Жазасын қоныстандыру колониясында өтейтін және сот оған 3 жыл әуе диспетчері қызметін атқаруға тыйым салған Ақылбеков "тергеу дұрыс өтпегенін, айыбы жоқ" екенін айтады.
Суретте: "АН-72" ұшағы апатына қатысты сотталған Қанат Ақылбеков (оң жақта) пен оның адвокаты Ардақ Балпықов.
28 сәуір күні Байқоңыр ғарыш айлағынан ресейлік "Протон-М" зымыранының ұшырылуына қарсылық танытып және үстілеріне "Еуразиялық Одаққа жол жоқ!", "Украина жасасын!" және "Цензураға жол жоқ!" деген жазу тағып шыққан "Антигептил" қозғалысының 9 белсендіні Астанада ОМОН жасағы ұстады.
Суретте: "Антигептил" белсенділері наразылық акциясында тұр. Астана, 28 сәуір 2014 жыл.
28 сәуір күні Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық интеграцияны әрі қарай дамыту жөнінде ұсыныстарын қайталады. Ол бұдан 20 жыл бұрын – 1994 жылы наурыздың 29-ында Еуразия экономикалық одағын құру идеясын да осы Мәскеу университетінде жариялағанын еске салды.
Суретте: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқып тұр. 28 сәуір 2014 жыл. (Телеарна видеосынан скриншот)
28 сәуір күні Алматыда "АТФ" банкі бөлімшесі алдында ондаған тұрғын ипотекаға алған үйлерін тартып алмауды талап етіп пикет өткізді. Олар банктен ипотека арқылы алған үйлерінің қарызын төлей алмағаны үшін үйлерін тартып алмауды және қарыздарын кешіруді талап еткен ұрандар ұстап шықты. Наразы тұрғындар борышкерлердің кейбірін үйінен күштеп шығаруға қарсылық білдірді.
28 сәуір күні Астана уақыты бойынша сағат 10.25-те Байқоңыр ғарыш айлағынан қазақстандық "ҚазСат-3" спутнигі тиелген ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышы ұшырылды. "Протон-М" зымыраны ғарышқа қазақстандық спутникпен қоса ресейлік "Луч-5В" спутнигін де алып ұшқан. Сол күні Астана уақыты бойынша 19:57-де "ҚазСат-3" зымыран тасығыштан ажырап, орбитаға шығарылған.
Суретте: Қазақстандық "ҚазСат-3" және ресейлік "Луч-5В" спутниктері тиелген "Протон-М" зымыран тасығышы ғарыш айлағында тұр. Байқоңыр, 28 сәуір 2014 жыл.
28 сәуір күні Египет соты, арасында "Мұсылман бауырлар" қозғалысының жетекшісі Мохамед Бади бар, барлығы 683 адамға өлім жазасын тағайындау туралы үкім шығарды. Өлім жазасына кесілгендерге 2013 жылы 14 тамыз күні елдің оңтүстігіндегі Минья провинциясында "полицейлерге қарсы қастандық ұйымдастырып, өлтіруге қатысы бар" деген айып тағылған.
Суретте: Өлім жазасына кесілгендердің туыстары шыққан үкімді естіп жылап тұр. Каир, 28 сәуір 2014 жыл.
28 сәуір күні Украинаның шығысындағы Харьков қаласының мэрі 54 жастағы Геннадий Кернеске ту сыртынан белгісіз біреулер оқ атып, ауыр жараланған ол ауруханаға түсті. Кейін оны Израильге емдеуге алып кеткені туралы хабарланды.
Суретте: Украиналық милиция қызметкерлері Геннадий Кернеске шабуыл жасалған жерді зерттеп жатыр. Харьков, 28 сәуір 2014 жыл.
28 сәуір күні Әзербайжан билігі осы елдегі адам құқығын қорғаушы Лейла Юнус пен оның жұбайы Арифті Дохаға ұшқалы тұрғанда Баку әуежайында ұстаған. Билік өкілдері олардың компьютерлері мен құжаттарын тәркілеп, жеке заттарын тартып алған, ерлі-зайыптылардың қарсылығына қарамай сәуірдің 29-ы күні Юнустың үйін де, кеңсесін де тінтіп шыққан. Лейла Юнус билік бұны «басқаша ойлайтын, саяси тұтқындардың қамын ойлайтын адамдардан құтылу үшін» жасап отыр деп санайды. 29 сәуір күні Human Rights Watch (HRW) ұйымы «Юнустардың шетелге шығуына ешқандай кедергі жасалмауы тиіс» деп мәлімдеді.
Суретте: Ерлі-зайыпты Лейла және Ариф Юнустер. Баку, 28 сәуір 2014 жыл.
28 сәуір күні АҚШ қаржы министрлігі жаңа санкцияларға іліккен ресейлік шенеуніктер мен компаниялардың тізімін жариялады. Санкцияға ілінгендердің АҚШ-тағы кез келген активтері бұғауланады. Шенеуніктердің АҚШ-қа кіруіне және АҚШ компанияларына тізімдегі азаматтар мен компаниялармен істес болуға тыйым салынады. АҚШ президенті Барак Обама Кремль Украинадағы агрессиялық саясатын өзгертпесе, онда Ресейдің банк секторы мен қорғаныс саласына қарсы шаралар қабылданатынын ескерткен. 29 сәуір күні Еуропа Одағы (ЕО) да виза беруге тыйым салынып, активтері бұғауланатын Ресейдің 15 азаматының тізімін жариялады.
Суретте: АҚШ президенті Барак Обама. Манила, Филиппин, 28 сәуір 2014 жыл.
Халықаралық баспасөз еркіндігі күні – мамырдың 3-і қарсаңында жариялаған әлемдегі сөз бостандығына арналған есебінде Freedom House құқық қорғау ұйымы Қазақстанды баспасөз еркіндігі төмен, яғни «еркін емес» ел ретінде сипаттап, 187-орынға қойған. Былтыр бұл ұйымның рейтингісінде Қазақстан 182-орында тұрған еді. «Журналистер қауіп-қатерде» құқық қорғау қорының директоры Розлана Таукина Азаттыққа берген сұхбатында елде билікті сынайтын БАҚ-ты ақпарат кеңістігінен ығыстыру күшейгенін айтты.
Сәуірдің 30-нан бастап Қазақстанда «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар күшіне енді. Заңда тәртіп бұзған жүргізушілерге салатын айыппұл мөлшері көбейтіліп, кейбір баптар бойынша жауапкершілік күшейтілді. Құжатты дайындаған депутат «бұл заңсыз әрекеттердің азаюына сеп болады» десе, жүргізушілер арасында «жаңа өзгерістер жемқорлықты тыюдың орнына, керісінше олардың жоқ нәрседен ақша жасауына мүмкіндік береді» деген сын айтатындар да бар.
Ресейден уақытша пана алған АҚШ-тың бұрынғы барлаушысы Эдвард Сноуден өзінің осы елдегі босқын мәртебесін ұзартуға тырысады деп хабарлады 30 сәуір күні оның адвокаты Джесселин Радак. Сноуденнің Ресей визасының мерзімі биыл маусым айында бітеді. Reuters агенттігі Радактың "Сноуден АҚШ-ты сағынды, еліне оралғысы келеді, бірақ оның оралуы әзірге мүмкін емес" деген сөздерін жариялаған.
1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шаралар өтті. Алматыдағы шарада әртүрлі ұлт өкілдері өнер көрсетіп, киімдері мен қолөнер бұйымдарын мерекеге жиналған жұртқа таныстырды. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында билік ұйымдастырған шеруге мыңдаған қала тұрғындарымен бірге қоғамдық ұйымдар өкілдері мен наразы азаматтар да қатысты. Жергілікті белсенділердің айтуынша, ондаған наразы адам "Жемқорлық жойылсын!", "Ұрлықты тоқтатыңдар!" деген орыс тіліндегі плакаттар ұстап шыққан.
Суретте: Оралдағы шеруге қатысушылар. 1 мамыр 2014 жыл.
Қазақстанда сот шешімімен жабылған "Ассанди-Таймс" газетінің журналистері 30 сәуір күні "Накануне.kz" деп аталатын жаңа интернет порталының ашылғанын жария етті. Интернет жоба редакторы Гузяль Байдалинова "Ассанди-Таймс" басылымын жабу туралы сот шешімінде қандай да бір адамдардың журналистік қызметпен айналысуына тыйым салынбағандықтан журналистер заңды түрде әрекет етеді" деп санайды. Материалдарын түрлі форматта, қазақ және орыс тілдерінде таратуды жоспарлап отырған жаңа интернет портал 10 мамырдан толықтай жұмыс істей бастамақ.
Суретте: "Ассанди-Таймс" газетінің редакциясында. Алматы, 2 сәуір 2014 жыл.
Мамырдың 2-сі Украина күш құрылымдары антитеррористік операциялар ауқымын кеңейтіп, ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Славянск қаласына шабуыл бастады. Сол күні кешке Одессада Украинаның біртұтастығын қолдаушылар мен ресейшіл белсенділер арасындағы қақтығыстар салдарынан қырыққа жуық адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды. Билік органдарының хабарлауынша, құрбандардың көпшілігі қақтығыс барысында өртенген қаладағы бес қабатты Кәсіподақтар үйі ғимаратында мерт болған. Сенбі күні Одессада үш күндік аза тұту жарияланды.
Суретте: Украинаның біртұтастығын қолдап шеруге шыққандарға қару кезеп тұрған ресейшіл белсенді. Одесса, 2 мамыр 2014 жыл.
Барак Обама АҚШ-тың Өзбекстандағы елшісі Джордж Кролды Вашингтонның Қазақстандағы елшісі қызметіне ұсынды. АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Фэйрфакстың үш жылдық елшілік қызметі қазан айында аяқталған еді. Орыс тілін меңгерген Джордж Крол 2011 жылдан бері Ташкентте АҚШ елшісі қызметін атқарып келді. Ол 2003-2006 жылдар аралығында АҚШ-тың Беларусьтегі елшісі болған.
3 мамыр күні Славянскіде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) жеті бақылаушысы мен оларға еріп жүрген Украина азаматтары тұтқыннан босатылды. Бұл туралы Ресей президентінің өкілі Владимир Лукин хабарлады. Сол күні кешке жеті бақылаушы Берлинге жетті. Ресейшіл сепаратистер «тыңшылар» деген желеумен ЕҚЫҰ бақылаушыларын 25 сәуірде ұстаған. Келіссөздер нәтижесінде кейін олардың бірін денсаулығына байланысты босатқан. 2 мамыр күні Украинаның Донецк облысында сепаратистер ұрлаған америкалық Buzzfeed басылымы тілшісі Майк Джилио мен аудармашы Елена Глазунова босатылған еді.
Суретте: Ресейшіл сепаратистер ұстаған ЕҚЫҰ бақылаушылары баспасөз жиынында отыр. Сол жақ шеттегі - өзін өзі Славянскінің мэрі деп жариялаған Вячеслав Пономарев. Славянск, 27 сәуір 2014 жыл.
Қырымның өзін өзі жариялаған билігі 3 мамыр күні қырым татарларының басшысы, Украина парламентінің депутаты Мұстафа Джемилевті Қырымға кіргізбеді. Содан бір күн бұрын оған Мәскеуден Симферопольге ұшып баруға рұқсат бермей қойған еді. Бұдан соң Киевке ұшып барған Джемилев сол жерден Қырымның әкімшілік шекарасымен шектес Армянск қаласына көлікпен жеткен. Мыңдаған қырым татарлары 3 мамыр күні Мұстафа Джемилевті қарсы алу үшін Армянскіге барған. Олар арнайы жасақтың бөгетін бұзып өтіп, жетекшілерінің Қырымға жіберілуін талап еткенімен, ресейлік шекарашылар Джемилевті кіргізуден бас тартты.
Cуретте: Мустафа Джемилевті қарсы алуға шыққан қырым татарлары. Қырым, 3 мамыр 2014 жыл.