Славянскіде атыс жүріп жатыр

Славянск қаласының маңында өткізу бекетінде тұрған украиналық әскерилер. Донецк облысы, Украина, 4 мамыр 2014 жыл.

Славянскіде антитеррористік операциялар барысында бүгін сепаратистер қатарынан бес адам ауыр жараланғаны туралы өзін "халық жасағы" деп атайтын штабқа сілтеме жасап "Интерфакс" агенттігі хабарлады.

Сепаратистер өкілі Украина армиясы бөлімдері Славянскіде ресейшіл белсенділердің блок-постыларына шабуылдап, екі жақ арасында атыс жүріп жатқанын айтқан.

УНИАН агенттігінің хабарлауынша, қаланың өзінде телемұнарада атыс болып жатыр. Әзірге қаза тапқандар мен жараланғандар туралы расталған ақпарат түскен жоқ.

Әскерилер қоршауға алған қалада азық-түлік тапшы, дүкендердің көбі жұмыс істемей тұр.

Мамыр айының басынан бері Донецк облысында өтіп жатқан антитеррористік операция барысында украина күш құрылымдарының 5 өкілі қаза тапты. Ал Славянскідегі "халық жасағының" штабы осы қалада және көршілес Краматорск қаласында 18 белсендінің мерт болғанын айтады.