Өскеменде жолаушы тасымалдау шектелді

Көрнекі сурет.

Өскеменде қалалық маршруттық автобустар бүгін де жолаушылар тасымалдау кестесін шектеді.

Жергілікті yk.news.kz сайтының хабарлауынша, қалалық автобустар адам қарасы көбейетін таңертеңгі және кешкі мезгілдерде ғана жұмыс істеп, күндізгі сағат 11 мен 15 арасында қызмет көрсетуді тоқтатқан.

12 мамыр күні қаладағы жолаушылар тасымалдаумен айналысатын "Рост" компаниясы күндіз қала билігінің жолақы бағасын 75 теңгеге дейін қымбаттату талабын орындаудан бас тартқанына наразылық танытып, автобустарының үштен бірін тоқтатып тастаған еді. Компания талаптары орындалмайынша енді автобустарының тек таңертеңгі сағат 6 мен 10 арасында және түстен кейінгі сағат 15-тен кешкі 21-ге дейінгі аралықта ғана жұмысқа шығатынын ескерткен.

Қалалық әкімдік жолақы бағасына қатысты мәселені бүгін, 13 мамыр күні шешетінін мәлімдеген.

Жергілікті сайттың жазуынша, қала тұрғындары кешеден бері аялдамаларда ұзақ уақыт күтуге немесе баратын жерлеріне жаяу жетуге мәжбүр болып жүр.