Омбы түрмесінде өзбек және тәжік тұтқындары наразылық танытты

Түрмедегі адам. (Көрнекі сурет).

Ресейдің Омбы қаласындағы колонияда жазаларын өтеп жатқан Өзбекстан мен Тәжікстаннан шыққан тұтқындар жазасын өтеуші тәжік жұмысшы мигранты Бекзод Отабоевтың қазасын тексеруді талап етіп, бүлік шығарды.

Тұтқындардың Азаттыққа хабарлауынша, 6-колонияда 13 мамыр күні болған бүлікке ортаазиялық 100-ге тарта тұтқын қатысқан.

Олардың сөзіне қарағанда, тұтқын Бекзод Отабоевты түрме күзетшілері өлімші етіп соққыға жыққан. Түрме басшылығы тұтқынның азапталғаны мен бүлік болғанын жоққа шығарады.

Бірақ тұтқындар Азаттыққа бірнеше сағатқа созылған толқудан соң түрме басшылығы Орталық Азия елдерінен шыққан тұтқындарды "бейімдеу блогы" деп аталатын бөлімдерден әдеттегі барактарға ауыстырғанын хабарлады. Тұтқындар "бейімдеу бөлімдерінде" күзетшілер өздеріне дұрыс қарамайтынын айтады.