Босния: Тасқыннан миллионнан аса адам зардап шекті

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Балқандағы су тасқыны.

Босния сыртқы істер министрі Златко Лагумджияның айтуынша, Балқан түбегінде бұрын-соңды болмаған су тасқынынан ел халқының төрттен бірі зардап шеккен. 3.8 миллион босниялықтың бір миллионнан астамы ауыз су тапшылығын тартып отыр.

Босния, Хорватия мен Сербияда ондаған мың адам эвакуацияланды. Сербияда жұмысшылар мен еріктілердің күшімен ірі қалаларда, оның ішінде Белградта өзен жағалауларындағы бөген, тосқауылдарды күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өткен аптада нөсер жауын басталғалы бері Балқанда 40 адам мерт болған.

Кейбір жерлерде жаңбыр суынан көшкін жүріп, жағдайды одан сайын қиындатып отыр. Аймақта, оның ішінде 1992-1995 жылдардағы соғыс кезінде қалған миналанған алқаптарда 300-ге тарта көшкін жүрді.