БҰҰ "Боко Харам" ұйымына санкциялар салды

Өзін нигериялық "Боко Харам" ұйымының жетекшісі Абубакар Шекау деп атаған адам. Видеодан скриншот.

БҰҰ 22 мамыр күні Нигерияда әрекет ететін "Боко Харам" ұйымын "Әл-Қаидамен" байланысы бар террористік ұйым" деп жариялап, санкциялар салды.

"Боко Харам" ұйымы Нигерияда 276 мектеп оқушысын ұрлағанын бір айдан соң мойындаған еді. Нигерия билігі бұдан соң БҰҰ-дан ұйымға санкция салуды сұраған.
Ұйымға санкция салуға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 елдің ешқайсысы қарсы болған жоқ. 22 мамыр күні күшіне енген санкциялар бойынша, "Боко Харам" мүшелеріне қару-жарақ сатуға эмбарго қойылып, активтері бұғауланады және виза беруге тыйым салынады.

Бұдан 10 жыл бұрын құрылған топ Нигерияның солтүстік аймағында ислам мемлекетін орнатуды көздейді.

2009 жылдан бері ұйым мүшелері жасаған шабуылдардан мыңдаған адам құрбан болды. АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Саманта Пауэр "Боко Харамның" террористік ұйым деп танылуын "ұйыммен күрестегі және оның жетекшісін жазалаудағы маңызды қадам" деп атады.