Шығыс Украинада шетелдік журналист мерт болған

Славянск маңындағы Семеновка елдімекенінде қираған ғимарат ішінде тұрған қарулы ресейшіл белсенділер. Украина, 25 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Италия сыртқы істер министрлігі Украинаның шығысындағы Славянск қаласының түбінде 24 мамыр күні үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы шайқас кезінде қаза тапқан адам итальяндық журналист Андреа Рочелли болуы мүмкін деген ақпарат таратты.

Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде қаза тапқан екі адамның денелері жергілікті ауруханаға жеткізілгені айтылған. Екіншісі – шетелдік журналистке аудармашы болып көмектескен ресейлік азамат болуы ықтимал.

Итальяндық журналист пен оның аудармашысы шайқас барысында минометтен жауған оқ астында қалып мерт болуы мүмкін деген жорамал айтылып отыр.