Египеттегі сайлауда әл-Сиси алда тұр

Египеттегі сайлау. Каир, 27 мамыр 2014 жыл.

Египетте өткен президент сайлауының алғашқы ресми алдын-ала мәліметтері бойынша, бұрынғы армия қолбасшысы, генерал Абдел Фаттах әл-Сиси алда тұр.

Қазірге дейін бюллетендердің 15 пайызы саналып, оның қорытындысында әл-Сиси сайлаушылардың 93 пайыз даусын жинағаны айтылды. Сайлау әуелде 26-27 мамыр күндеріне белгіленген. Бірақ сайлаушылар белсенділігінің төмендігіне байланысты дауыс беру тағы бір күнге - 28 мамырға дейін ұзартылған.

Египеттің демократиялық жолмен сайланған президенті Мұхаммед Мурсиді былтыр жазда биліктен кетірген әл-Сиси бұл сайлауда саяси қарсыласы Хамдин Сабахиден айқын басымдықпен жеңіске жетеді деген болжам бар.

Мұхаммед Мурсидің тыйым салынған "Мұсылман бауырлар" қозғалысы жақтастарын сайлауға бойкот жариялауға шақырған.