Астанада ондаған белсенді ұсталды

Астанадағы Бәйтерек ескерткіші орналасқан алаң.

Бүгін Астанада Бәйтерек кешені маңына Еуразия экономикалық одағының құрылуына қарсылықтарын білдіріп барған ондаған белсендіні полиция ұстап әкетті.

"Антигептил" қозғалысының мүшесі Мақсат Нұрыпбаевтың Азаттық тілшісіне айтуынша, ұйымның он шақты мүшесі одақтың құрылуына қарсылық білдіріп, беттеріне маска тағып Бәйтеректің жанына барған кезде полиция ұстап әкеткен. Ол полиция өздерін Есіл аудандық ішкі істер басқармасына апарғанын айтты.

Белсендінің сөзінше, полиция ұсталғандардың фотоаппараттары мен бейнекамераларын тартып алған.

Бүгін Астанада Ресей, Қазақстан және Беларусь президенттері Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қояды.