Апта бейнелері: 26 - 31 мамыр

Украина әскері дүйсенбіде ресейшіл сепаратистер басып алған Донецк халықаралық әуежайына әуеден соққы берді. Бүлікшілер ондаған адамы қаза болғанын хабарлады. Донецк мэрі Александр Лукьянченко қала тұрғындарын аса қажетттілік туындамаса үйлерінен шықпауға шақырды.

Украина президенті болып жаңадан сайланған Петр Порошенко елдің шығысында арнайы операцияны жалғастыруды қолдайтынын мәлімдеп, "ол тиімді әрі қысқа мерзімде жүргізілуі тиіс" екенін айтты.

26 мамыр күні Литва орталық сайлау комиссиясы президент сайлауының екінші кезеңіндегі дауыс беру нәтижесін жариялады. Ресми мәлімет бойынша, елдің қазіргі президенті Даля Грибаускайте сайлаушылардың 58 пайызға жуығының қолдауына ие болып, екінші мерзімге Литва президент болып сайланды.

Ұлттық телеарнадан сөйлеген Грибаускайте Литва халқы бұған дейін бір де бір президентті екінші мерзімге сайламағанын айтып, өзінің жеңісін "тарихи оқиға" деп атады.

26 мамыр күні Үндістанда Нарендра Моди премьер-министр ретінде салтанатты түрде ант қабылдады. Шараға шет мемлекеттердің жоғары шенді билік өкілдері, оның ішінде Пәкістан премьер-министрі Наваз Шариф те қатысты. Делиде президент сарайында өткен инаугурация алдында Шариф Үндістандық әріптесі Модидің ант қабылдауын "екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға туған тамаша мүмкіндік" деп мәлімдеді.

Наваз Шариф -  Үндістан премьерінің инаугурациясына барған 1947 жылдан бергі алғашқы Пәкістан премьері. Екі ел даулы Кашмир аймағына қатысты үш рет соғысуға шақ қалған.

26 мамыр күні Египтте президент сайлауына дауыс беру басталып, ол үш күнге жалғасты. Алдын ала нәтижелер бойынша, сайлауда президенттіктен үміткер, былтыр жазда Египеттің демократиялық жолмен сайланған президенті Мұхаммед Мурсиді биліктен тайдыруда басты рөл атқарған бұрынғы армия қолбасшысы Абдел Фаттах әл-Сиси алда тұр.

Мұхаммед Мурсидің тыйым салынған "Мұсылман бауырлар" қозғалысы жақтастарын сайлауға бойкот жариялауға шақырған.

26 мамыр күні Франция президенті Франсуа Олланд Еуропа Одағының (ЕО) қызмет ету міндетін өзгертіп, рөлін азайтуға шақырды. Телеарнадан сөйлеген Олланд "ЕО өз азаматтарынан алшақтап, түсініксіз болып бара жатқанын" мәлімдеді. Еуропарламентке өткен сайлауда Франциядан иммиграцияға, ЕО-ға қарсы "Ұлттық майдан" партиясы жеңіске жеткен. Олландтың социалистік партиясы 13,98 пайыз дауыс жинап, бәсекелесінен жеңіліп қалды.

Еуропа елдерінде мамырдың 22-25-і күндері өткен Еуропарламентке сайлауда әсіре оңшыл және солшыл партиялар бұрынғыдан көп дауыс жинаған. Оған ЕО-ның көп елдерінде Брюссельдің қатаң экономикалық саясатына, жаппай жұмыссыздық пен иммиграцияға наразылық себеп болды.

28 мамыр күні Вест-поинт әскери академиясында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Барак Обама елдің терроризммен күрес стратегиясы өзгергенін хабарлап, АҚШ-тың халықаралық терроризммен күреске арналған 5 миллиард долларлық қор құру ниеті барын хабарлады.

Оның айтуынша, бұл қаржы қарулы экстремизммен күресетін мамандарды дайындауға, осы бағытта әрекет ететін басқа елдермен әріптестікті дамытуға арналмақ. Сонымен бірге Обама ел мүддесі талап етсе АҚШ әскери күшті біржақты түрде де қолданатынын мәлімдеді.

Астанада өз үйлерін сүруге және жер телімдерін "мемлекет қажетіне" алуға қарсылық білдіріп жүрген әйелдерді осы аптада полиция төрт мәрте ұстады. Олармен бірге кәмелетке жас толмаған балаларын да ұстаған. Бұған дейін сүрілетін үй иелері бірнеше рет наразылық акциясын өткізген еді.

29 мамыр күні Астанадағы ауданаралық әкімшілік сот Қазақстан президенті резиденциясы маңындағы қарсылық акциясына қатысқан Сандуғаш Серікбаеваға 10 айлық есептік көрсеткіш (18 мың 520 теңге) көлемінде айыппұл салды

27 мамыр күні Астана қаласының шетіндегі Ильинка кентінде Еуразия Одағына қарсы іс-шара өткізбек болған жиырма шақты белсендіні полиция ұстады. Қамауға алынғандардың ішінде Азаттық тілшісі Өркен Жоямерген де бар.

Бұл жиынға қатысқан "Антигептил" қозғалысы мүшелері 29 мамыр - Еуразия Одағы туралы келісімге қол қойылатын күнгі іс-шараларын жоспарламақ болған еді.

28 мамыр күні Азат Еуропа/Азаттық Радиосы компаниясының басшылығы Қазақ қызметінің Астанадағы тілшісі Өркен Бисеновті (лақап аты – Жоямерген) қамау әрекетін айыптады. Өркен Бисенов мамырдың 27-сі күні Астана маңындағы Ильинка кентінде жоспарланған Еуразия Одағына қарсы жергілікті белсенділердің іс-шарасы туралы хабар дайындауға барған кезде ұсталып, Астана қаласының Есіл аудандық полиция бөліміне түскен еді. Астана қаласының ауданаралық әкімшілік соты түнімен өткізген отырысы кезінде «ұсақ бұзақылық жасады» деген айыппен Бисеновті 4 тәулікке қамауға, он шақты белсенді мен тағы бірнеше журналисті 3 және 4 тәулік қамау жазаларына кескен.

ЕАЭО келісіміне қол қойылар алдында оған қарсы белсенділерге қысым күшейді. Мамырдың 28-і мен 29-ы күндері ондаған адам ұсталып, кейбіреуін әкімшілік қамауға алды. Көптеген белсенділерге наразылық акциясына қатыспау туралы прокуратура жазбаша ескерту тапсырды. Астанада ЕАЭО-ға қарсылық белгісі ретінде бетіне медициналық маска тағып қала орталығына барған ондаған адамды полиция ұстады.

29 мамыр күні Украинаның шығысындағы Славянск қаласының маңында ресейшіл қарулы сепаратистер Украинаның әскери тікұшағын атып түсірді. Тікұшақта қаза тапқан 14 адамның арасында Украина ішкі істер министрлігі ішкі әскерінің әскери және арнайы дайындық басқармасы бастығы генерал-майор Сергей Кульчицкий бар.

31 мамыр күні Алматыда «Ел билігін халыққа қайтарайық» деген ұранмен өткен жиында Азаматтық кеңес және оның төралқасын құру туралы шешім қабылданды. Жаңа қозғалысқа Қазақстан коммунистік партиясы (ҚПК) мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, саясаткерлер, ғалымдар енді. Азаматтық кеңестің лидері болмайтыны, оны азаматтар бірігіп басқаратыны айтылды.

Жиынға қатысушылар мамырдың 29-ы күні Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері қол қойған «Еуразия экономикалық одағы туралы» келісімін сынады.

31 мамыр күні Қазақстанда 20-ғасырдың 20-50-жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шаралары өтті. Бұл күні Қазақстанның бірнеше қаласында сталиндік қуғын-сүргіннің миллиондаған құрбандарына орнатылған ескерткіштерге гүл шоқтары қойылып, ас беріліп, құран оқылды.