ЕҚЫҰ Қазақстандағы БАҚ еркіндігіне алаңдайды

ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Дуня Миятович.

ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Дуня Миятович Қазақстанда соңғы кездері лауазымды тұлғалар талабы бойынша журналистердің үстінен "жала жабу" айыбына байланысты істер қозғалғанына алаңдаушылық білдірді.

Оның айтуынша, бұл оқиғалар Қазақстандағы тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) мәселесін, қазір парламентте қаралып жатқан қылмыстық кодекс жобасындағы "жала жабу" жазасын арттыру жайын назарға іліктіреді.

Жуықта журналист Валерий Сургановқа Insiderman.kz сайтында жарияланған мақалаға байланысты "жала жабу" бабы бойынша айып тағылып, үстінен іс қозғалған.

Осы аптада Қарағанды қалалық мәслихатының үш депутаты осы облыстағы «Взгляд на события» газетінің редакторы Сергей Перхальскийді «тіл тигізді» деп айыптағаны белгілі болды. Полиция қазір бұл істі тексеріп жатыр.

Дуня Миятович қоғамдық пікір алмасу мен БАҚ еркіндігіне қауіп төндіруі ықтимал деген қаупін айтып, парламентте талқыланып жатқан қылмыстық кодекс жобасы өзгерісін қайта қарауға, оның орнына диффамацияны декриминализациялау жайлы қазіргі құқықтық реформаны қолдануға шақырды.