Путин Украина шекарасын бұзуды тоқтатуды бұйырды

Ресей президенті Владимир Путин баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. Франция, 6 маусым 2014 жыл.

Путин қауіпсіздік қызметіне Ресей-Украина шекарасындағы күзетті күшейтуді, шекарадан заңсыз өтетіндерді тоқтатуды бұйырды.

Ресей президентінің баспасөз қызметі "Владимир Путиннің Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) Ресей-Украина шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бұйырғанын" хабарлады. Бұйрықта Украина шекарасын бұзып өту оқиғаларын тоқтату да айтылған.

Бұйрықтың басқа жайттары белгісіз. Бұл директива Украина президенті Петр Порошенконы ұлықтау рәсімінен кейін күшіне енеді.

Путин бір күн бұрын Францияда әлем лидерлері жиынына қатысқан еді. Сол жерде оны АҚШ президенті Барак Обама Украинаның шығысындағы сепаратистерді шекарадан қару және басқа да жабдықтар өткізу арқылы қолдауды доғаруға шақырған.

Киевтің хабарлауынша, 5 маусым күні Украинаның үш шекара бекетін сепаратистер басып алған.