Апта бейнелері: 2 - 7 маусым
2 маусым күні Қазақстанда мектеп бітірушілер арасында тапсыратын ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) басталды. Маусымның 9-ына дейін жалғастан ҰБТ-ның алғашқы күні-ақ жастар көп қолданатын «ВКонтакте» және «Мой мир» әлеуметтік желісінде биылғы емтихан сұрақтары жарияланып кетті.
Суретте: 10 сынып оқушысы Әлішер Құрбанай ҰБТ-ге дайындалып отыр. Талғар, Алматы облысы, 2 маусым 2014 жыл.
2 маусым күні Грузияның жікшіл Абхазия аймағының премьер-министрі Леонид Лакербея отставкаға кетті. Өткен аптада премьердің отставкаға кетуін талап еткен оппозицияны парламент жақтап, премьерге сенімсіздік вотумын жариялаған. Бірақ Лакербая өз қызметінен тек президент Александр Анкваб (суретте) 1 маусым күні отставкаға кеткен соң ғана бас тартқан. 31 мамыр күні Абхазия парламенті Анквабты президент міндетін атқаруға "қабілетсіз" деп танып, 24 тамызға мерзімінен бұрын президент сайлауын белгілеген еді. Сайлау өткенге дейін уақытша президент міндетін атқару парламент спикері Валерий Бганбаға жүктелді.
2 маусым күні Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында қырғыздың ежелгі "Манас" жырын жатқа айтатын атақты қария Жүсіп Мамай жерленді. 96 жастағы манасшы содан бір күн бұрын дүние салған. Өткен аптада Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Жүсіп Мамайға "Қырғыздың ұлттық батыры" атағын беріп, "Ақ Шумкар" орденімен марапаттаған еді. Жыршыны жерлеу рәсіміне Қырғызстан президенті кеңсесінің басшысы бастаған қырғыз делегациясы барды.
2 маусым күні Испания королі бірінші Хуан Карлостың тақтан бас тартқаны туралы Испания премьер-министрі Мариано Рахой хабарлады. Ол 40 жылға жуық тақта отырған 76 жастағы король жеке себептермен орнынан түсетінін айтты. Бұл жаңалықтан кейін Мадридтің орталығына жиналғандар елде монархиялық жүйе туралы референдум өткізуді талап етті. 1970 жылдары генерал Франконың диктатурасынан соң Испанияның демократияға жайлап өтуіне септесіп, танымал болған корольдің абырой-беделіне қызы Кристина ханшайым тап болған коррупциялық жанжал көлеңке түсірді. Қазір ханшайым мен оның жұбайы коррупция ісіне қатысты тергеліп жатыр.
Түркияның Бодрум қаласында түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің төртінші саммиті өтті. Жиынға қатысқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркітілдес мемлекеттерге бірлескен телеарна құруды ұсынды. Оның пікірінше, ол телеарна түрік, ағылшын және орыс тілдерінде хабар таратуы қажет. Қазақстан президенті «Әл-Жазира, ВВС сияқты ол телеарна түркі дүниесін әлемге насихаттауда оң роль атқаратынын» айтқан.
3 маусым күні Варшавада Қырым татарлары жетекшісі Мұстафа Жемилевке демократия мен адам құқықтарын қорғаудағы еңбегі үшін Лех Валенса атындағы Solidarność («Ниеттестік») сыйлығы табыс етілді. Сыйлықты тапсыру салтанатына АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Украинаның жаңадан сайланған президенті Петр Порошенко қатысты. Салтанатты шарада Порошенко Жемилевті "Ұлы украин батыры" деп атады.
Суретте: Польша президенті Бронислав Комаровски (ортада) Мұстафа Жемилевке (оң жақта) сыйлықты тапсырып тұр. Сол жақтағы - Польшаның бұрынғы президенті Лех Валенса.
4 маусым күні Пекинде Тяньаньмэнь алаңында студенттердің наразылық шеруін Қытай билігінің әскер күшімен басып-жаныштап, жүздеген адам қаза тапқан қанды оқиғаға 25 жыл толды. Осыған байланысты АҚШ үкіметі Қытай билігін сол кездегі оқиғаларға қатысты есеп беріп, демонстрациялар кезінде және одан кейін ұсталғандар мен із-түзсіз жоғалғандар туралы деректерді жариялауға шақырды. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джей Карнидің мәлімдемесінде АҚШ-тың қашан да наразылық танытушыларды қолдайтыны айтылған.
Суретте: Тяньаньмэнь алаңына кіреберіске қойылған тосқауыл алдында тұрған адамдар, Пекин, Қытай, 4 маусым 2014 жыл.
4 маусым күні Брюссельде саммит өткізген "Үлкен жетілік" елдері Шығыс Украинадағы тәртіпсіздік бақылауға алынбаса, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге даяр екендерін айтып, бірлескен мәлімдеме қабылдады. Жеті ел басшылары бұған қоса Ресейді Украинадағы президент сайлауының нәтижелерін мойындауға, Украинамен шекарасынан әскерін әкетуге, бұл елге бүлікшілер мен қару-жарақ жөнелтуді тоқтатуға шақырған.
5 маусым күні Алматының Алмалы аудандық сотында "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналының үстінен өздерін "Ұлы Отан соғысы ардагеріміз" деп сипаттаған он адамның берген шағымын қарау басталды. Арызданушылар журнал Адольф Гитлерді "жақсы жағынан сипаттап, фашизмді насихаттады" деп санайды. Арыз иелері журналдың бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың соғыс ардагерлері алдында жариялы түрде кешірім сұрауын және әр шағымданушының пайдасына одан 5 миллион теңгеден жиыны 50 миллион теңге төлеуін талап етіп отыр. Келесі сот отырысы маусымның 18-іне белгіленді.
Сирияда 3 маусым күні өткен сайлауға дауыс беруде сайлаушылардың 89 пайызы елдің қазіргі президенті Башар Асадты қолдағаны туралы хабарланды. Ресми мәлімет бойынша, сайлауға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 73 пайызы қатысқан. Президент сайлауына дауыс беру тек үкімет әскерінің бақылауындағы аймақтарда ғана өтті. Оппозиция елде азаматтық соғыc жүріп жатқан мезгілде ұйымдастырылған сайлауды "фарс" деп атады. АҚШ пен Еуропа Одағы Сириядағы сайлауды заңды деп танудан бас тартты.
Украинаның жаңадан сайланған президенті Петр Порошенко (сол жақта) Ресей президенті Владимир Путинмен (оң жақта) 6 маусым күні Францияда кездесті. Порошенко мен Путин 15 минут сөйлескені айтылды. Олар Нормандияға одақтастар әскерінің кіруіне 70 жыл толу құрметіне арналған шараларға қатысуға барған еді.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев Австрия астанасы Вена қаласында 5 маусым күні кешке ұсталғанын батыс ақпарат құралдары хабарлады. Бұл хабарды 6 маусым күні Қазақстан бас прокуратурасы да растады. Австрияның APA агенттігінің жазуынша, Әлиевтің адвокаты бұдан бұрын "Әлиевтің Австрия билігіне өз еркімен берілгісі келетінін, тергеуге көмектесу ниеті барын" айтқан. Австрияда Әлиевке қарсы тергеу басталғанына бірнеше жыл болды.
7 маусым күні Киевте Украинаның жаңа президенті Петр Порошенконы ұлықтау рәсімі өтті. Украина президенті ретінде парламентте ант берген Порошенко бірқатар жоспарларын айтты. Порошенко биылғы ақпанда Украинаның биліктен қуылған президенті Виктор Януковичтің орнына келді. Сайлау өткенше Украина президенті міндетін атқарған парламент спикері Александр Турчиновтің президент ретіндегі уақытша қызметі тоқтатылды.