Украинада ұсталған ресейлік журналистер босатылды

Украина әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы ұрыстан қирап, өртенген үй мен көлік қаңқасы. Славянск, 8 маусым, 2014 жыл.

6 маусым күні Украинаның шығысында украин әскерилері ұстаған ресейлік "Звезда" телеарнасы журналистері Андрей Сушенков пен Антон Малышев босатылды. Журналистер ресейліктерге тапсырылып, Ресей қорғаныс министрлігінің ұшағымен Мәскеуге жеткізілген.

Сушенков пен Малышев Славянск қаласына жақын маңда украин әскерилерінің блокпостына бақылау жасап, олар туралы ақпарат жинады деген күдікпен ұсталған. Олардың қолында өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасында" аккредитациядан өткенін растайтын құжаттары болған.

Тілшілерді әскери блокпостта үш күн ұстаған. Олар блокпостта "ыстық әрі лас болғанын", өздерін "ашықтырып ұстағанын" және жауап алу кезінде оларға "қол жұмсағаны" жайлы айтады.

Ресей сыртқы істер министрлігі Киевтен "Звезда" телеарнасының тілшілерін дереу босату шараларын жасауды талап еткен. Телеарна басшылығы Украина президенті Петр Порошенкоға үндеу жолдаған.