Қытай Орталық Азия газ құбырының жаңа желісін қосты

Орталық Азия елдерінен Қытайға тартылған газ құбыры картасы. (neftegaz.ru сайтындағы сурет)

Қытайдың солтүстік-батысында Орталық Азия - Қытай газ құбыры С тармағының іске қосылуына арналған салтанатты шара өтті.

China National Petroleum Corp компаниясының басшысы Цзян Пиннің Қазақстанмен шекаралас Қорғас бақылау-өткізу бекетінде өткен шара барысында мәлімдеуінше, қазан айына қарай құбырдың бұл бөлігі арқылы Қытайға 14 миллиард текше метр газ тасымалданады.

Құбырдың С тармағы Түркіменстаннан Өзбекстан және Қазақстан арқылы Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына тартылған. Оның газ тасымалдау қуаты жылына 25 миллиард текше метрге жетеді. 2009-2010 жылдары ашылған құбырдың А және В тармақтары С тармағымен жапсарлас жұмыс істеп тұр.

Биыл құбырдың төртінші тармағы салына бастайды. Төрт тармақ бірдей толық қуатында жұмыс істегенде құбыр Қытайға бір жылда импорттайтын газының 40 пайызынан астамын тасымалдайды.