23 маусымда Халықаралық химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым басшысы Ахмет Узюмджю (суретте) Сирия билігі өзінде бар делінген химиялық қару-жарағының соңғы бөлігін мұхитта жоюға өткізді деп хабарлады. 1 мың 300 тоннаны құрайтын арсеналдың соңғы партиясы Сирияның Латакия портынан кемелерге тиелгенін мәлімдеді ол.
Былтыр тамызда Дамаск маңында химиялық қару қолданылып, жүздеген адам қаза тапқан соң АҚШ 2013 жылы күзде әскери қысым жасағаннан кейін Сирия үкіметі биылғы жылдың 30 маусымына дейін барлық химиялық қару-жарағын тапсыруға келіскен еді.
23 маусым күні Өскеменде Абай мен Евгений Михаэлиске қойылған жаңа ескерткіштің суреті интернетте жарияланған соң, оның көркемдік мазмұны қатты сынға қалды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Шығыс Қазақстанға сапары қарсаңында шұғыл орнатылған ескерткіш қоғамдық наразылықтан кейін, маусымның 24-і күні алынып тасталды.
Ауғанстан тәуелсіз сайлау комиссиясының басшысы Зия-ул-Хак Амархаиль (сурете) президент сайлауының екінші кезеңінде дауыс беру нәтижелерін бұрмалады деген айыптаулардан соң отставкаға кетті. Ол қызметінен "мемлекет мүддесі үшін" кетіп жатқанын мәлімдеді. 14 маусым күні өткен сайлаудың екінші кезеңінде жеңістен басты үміткер саналатын Абдулла Абдулла дауыс беру нәтижесін бәсекелесі Ашраф Ганидің пайдасына бұрмалады деп сайлау комиссиясы басшысын айыптаған еді.
Суретте: Ауғанстан тәуелсіз сайлау комиссиясы жетекшісі Зия-ул-Хак Амархаиль. Кабул, 23 маусым 2014 жыл.
Донецк облысындағы Славянск қаласы маңында Украинаның антитеррористік операцияларына қатысып жүрген МИ-8 тікұшағы атып түсірілді деп хабарлады 24 маусым күні кешке операция барысын хабарлау тобының жетекшісі Владислав Селезнев Facebbok-тегі парақшасында. Оның жазуынша, Карачун тауы маңында ұшып бара жатқан тікұшаққа жылжымалы зениттік кешеннен атылған зымыран тиген. Тікұшақ бортында 9 адам болған.
Суретте: Сепаратистер атып түсірген Украинаның МИ-8 тікұшағының қаңқасы. Красноармейск елдімекені, 25 маусым 2014 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ирактың Ирбил қаласында Күрд автономиялық ауданы президенті Масуд Барзанимен кездесті. Ирактың қазіргі үкіметі негізінен шииттерден құралған. Бұл елдегі сүннит мұсылмандарының наразылығын күшейтіп отыр.
Суретте: АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) Күрд автономиялық ауданының президенті Масуд Барзанимен кездесу кезінде. Ирбил, Ирак, 24 маусым 2014 жыл.
24 маусымда Ақмола облысында өлексесі табылған 73 бас киіктің "барлығын атып, сосын мүйіздерін кесіп алған" деп хабарлады қоршаған ортаны қорғау министрлігі өкілдері. Оның алдында Егіндікөл ауданы аумағынан табылған 14 бас киіктің өлексесіне қатысты "олар егіс алқаптарын өңдеген химикаттан қырылуы мүмкін" деп хабарланған еді. Бірақ кейін "алғашқы болжам асығыс жасалғаны" айтылды.
Қазақстан Журналистер одағы (ҚЖО) ұйымы "Журналистік зерттеулер" номинациясы бойынша биылғы сыйлық WikiLeaks сайтын құрушы, Австралия азаматы Джулиан Ассанджға берілетінін жариялады. Екі жылдан аса уақыт Лондондағы Эквадор елшілігін паналап отырған Ассанж өзіне қарсы «жыныстық негізде қылмыс жасаған» деген айыппен іс қозғаған Швеция билігін «мені АҚШ-қа ұстап беру үшін саяси астармен қуғындап отыр» деп айыптайды. 2010-2012 жылдары АҚШ дипломаттарының мыңдаған құпия құжаттарын жариялап жіберген WikiLeaks вебсайтының іс-әрекетін Вашингтон қатаң түрде айыптаған еді.
24-25 маусым күндері Брюссельде кездесу өткізген НАТО елдерінің сыртқы істер министрлері Украинаның қорғаныс әлеуетін күшейту үшін қор құруға ниетті екендерін мәлімдеді. Бұл қор Украинаның қорғаныс саласындағы логистика, командалық және жалпы басқару және кибернетикалық қорғану жобаларына жәрдем бермек. Қару-жарақ пен атқыш кешендерді беру мәселесі қарастырылмаған.
Суретте: Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин НАТО елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуден соң баспасөз мәслихатында. Брюссель, 25 маусым 2014 жыл.
25 маусым күні Amnesty International халықаралық құқық қорғау (АІ) ұйымы Тәжікстан билігін "мемлекетке сатқындық жасады" және "тыңшылық жасады" деп айыпталған белсенді студент Александр Содиковты дереу және ешқандай шартсыз босатуға шақырды. Канадада тұратын 31 жастағы Тәжікстан азаматы Содиков Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хоруг қаласында 16 маусым күні азаматтық белсенділермен кездескеннен соң тұтқындалған. Ол Орталық Азияға Торонто университеті мен Ұлыбританиядағы Эксетер университетіндегі докторлық зерттеулері аясында сапарлап жүргенін айтады.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Страсбургте Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының сессиясында баяндама жасар кезде наразылық акциясы болды. Еуропада тұратын әзербайжандық белсенділер 24 маусым күні өткен ассамблея отырысына Әзербайжандағы саяси тұтқындардың суреті бар жейделер киіп, ауыздарын қара таспамен таңып алып барды. Белсенділер Әлиевтің "Әзербайжанда адамның барлық фундаменталды құндылықтары сақталады" деген мәлімдемесіне наразылық білдірді. "Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders) ұйымының бірқатар белсенділері парламенттік ассамблеяның штаб-пәтерінде де осындай акция өткізді.
26 маусым күні Алматының Медеу аудандық соты оппозициялық белсенді Марат Жанұзақовтың қаржы полициясы департаментінің тергеушісі Руслан Мировтың мамырдың 7-сі күні шығарған «қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру» туралы айыптау қаулысына қарсы түсірген шағымын қанағаттандырмай тастады. Жанұзақов биыл 30 сәуірде Медеу ауданы прокуроры Мадияр Басшыбаевтың шығарған дәл осындай айыптау қаулысына да қарсы шағым берген. Сот оны да орындамады.
Бішкекте түрмеде жазасын өтеп жатқан құқық қорғаушы Азимжан Асқаровтың екі күндік сурет көрмесі ашылды. Freedom House ұйымының қырғызстандық бөлімінің басшысы Аскат Дүкенбаевтың айтуынша, "Түрмеге дейін және түрмеден кейін" деп аталатын экспозиция 26 маусымда атап өтілетін Халықаралық азаптау құрбандарын еске алу күніне арналған.
Ұлты өзбек, Қырғызстан азаматы Азимжан Асқаров - "Воздух" құқық қорғау ұйымының жетекшісі. Ол 2010 жылғы қырғыздар мен этникалық өзбектер арасындағы қақтығыстарға және сол қақтығыстар кезіндегі "полицейдің өліміне қатысы бар" деген айыппен өмір бойы түрме жазасына кесілген.Асқаров өзіне тағылған айыпты мойындамайды және үкімді өзінің құқық қорғаушылық қызметін "жазалау әрекеті" деп бағалайды.
27 маусым күні Шымкент апелляциялық соты ҰҚК Шекара қызметінің АН-72 ұшағының апатына айыпты деп танылып, алты жылға сотталған «Қазаэронавигация» мекемесінің диспетчері Қанат Ақылбековке тағайындалған жазаны қысқартты. Енді сотталушы қоныстандыру колониясында төрт жылын өткізеді.
Суретте: «Қазаэронавигация» мекемесінің диспетчері Қанат Ақылбеков сот залында отыр. Шымкент, 27 маусым 2014 жыл.
27 маусымда Алматы қаласындағы әскери сот бұрынғы қорғаныс вице-министрі Бағдат Майкеевті «заңсыз қару-жарақ сақтаған және жалпы көлемі шамамен бір жарым миллион долларға жуық пара алған» деген айыппен алты жылға соттау туралы үкім шығарды. Бұл іс бойынша айыпталған тағы үш адам – кәсіпкерлер Павел Титаренко, Алтынбай Қайырбеков және Олег Спицин «пара берді» деген айыппен 10 жылға сотталды. Сотта генерал Майкеев тапаншаны заңсыз сақтағанын ғана мойындап, пара алғаны туралы айыпты мойындамады.
28 маусым күні Астананың 20-дан астам тұрғыны жерлерін мемлекет қажетіне алуға және сол жерде тұрған үйлерін бұзуға қарсы жергілікті билік рұқсат еткен митинг өткізді. Митингіге қатысушылар президенттік "Нұр Отан" партиясының жанынан мемлекет қажетіне жер алудың қалау жүргізіліп жатқанын тексеретін арнайы комиссия құруды сұрады.