Сот Жанұзақовтың ісін заңсыз деп танымады

Марат Жанұзақов, азаматтық белсенді. Алматы, 3 шілде 2014 жыл

Алматы қалалық соты азаматтық белсенді Марат Жанұзақовтың Медеу аудандық сотының шешіміне қатысты берген апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Бұдан бұрын аудандық сот Жанұзақовтың қаржы заңдастыру айыбы бойынша өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі заңсыз деп тану туралы өтінішін қабыл етпеген еді.

2013 жылы "заңсыз жолмен табылған қаржыны заңдастырды" деген айып бойынша қозғалған қылмыстық істе Жанұзақов куәгер ретінде қарастырылған. Былтырғы желтоқсанда іс жабылып, биылғы 30 сәуірде қайта жанданған. Бұл жолы Жанұзақовқа айып тағылып, Алматыдан кетпеу туралы шектеу салынған.

Жанұзақов өзінің азаматтық іс-шараларын оппозициялық тұлға, Францияда қамауда отырған қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязов қаржыландырды деген айыптың негізі жоқ деп санайды.

Апелляциялық сот отырысынан соң Марат Жанұзақов пен адвокаты Елена Савинова Азаттықа бұл шешімнің үстінен кассациялық деңгейде шағым түсіретіндерін айтты.

Марат Жанұзақов - "Балға" қоғамдық ұйымының жетекшісі. Ол қызметіне біржола тыйым салынардан сәл бұрын оппозициялық "Алға" партиясын да басқарған. "Алғаның" жетекшілерінің бірі Владимир Козлов 2012 жылы экстремизм бабы бойынша айыпталып, сотталған еді.