Күрдістан билігі референдум жайын талқылады

Ирактың Күрдістан автономиялы ауданының президенті Масуд Барзани (ортада). Ирбил, Күрдістан, 3 шілде 2014 жыл.

Ирактың Күрдістан автономиялық ауданының президенті Масуд Барзани аймақ парламентіне тәуелсіздік алу туралы референдум өткізуге дайындықты бастау жөнінде өтініш жолдады. Президент депутаттардан референдумды ұйымдастыру комитеті мен дауыс беру мерзімін белгілеуді сұрады.

Күрдістан билігі тәуелсіздік мәселесін АҚШ-тың Ирактан бөлініп шықпау туралы ұсынысына қарамастан қозғап отыр. Вашингтон Күрдістан автономиясын Иракта "Ирак және Шам ислам мемлекеті" (ИШИМ) ұйымы бүлік шығарып жатқан тұста бөлінбеуге шақырған. ИШИМ елдің солтүстігі мен батыс бөлігін басып алған еді. Ирак әскері ИШИМ содырларымен соғысып жатыр.

Иракта бес миллиондай күрд тұрады. Олар өткен апталардағы қақтығыстар кезінде территорияларын 40 пайызға ұлғайтып алған.