Тәжаяқов ісі бойынша сотта FBI агенті жауап берді

Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқов федеральдық сотта тұр. Бостон, 1 мамыр 2013 жыл.

Бостонның федералдық сотында өтіп жатқан қазақстандық бұрынғы студент Азамат Тәжаяқовтың сот тыңдауында куәгер ретінде Федералдық тергеу бюросының (FBI) агенті Сара Вуд сөйледі деп хабарлады Boston Globe басылымы.

Сара Вуд Бостон марафонындағы жарылысқа қатысты тергеушілерді шатастырмақ болды деп айыпталған Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевты тергеген үш агенттің бірі болған. Оның айтуынша, Тәжаяқов пен Қадырбаев жарылыс жасады деп айыпталған Джохар Царнаевтың жатақханадағы бөлмесіндегі оның жарылғыш заттар салынған рюкзагінен құтылу туралы шешімді бірлесе қабылдаған. Олар Джохар Царнаевтың рюкзагінен құтылуға Джохардың ағасы Тамерлан Царнаев полициямен атыста оққа ұшқанын естіген соң бел байлаған.

Сара Вуд әуелде "жарылғыш заттар салынған рюкзакті қоқыс жәшігіне тастауды Қадырбаев ұсынып, Тәжаяқовтың оған келіскенін" айтады.

Бірақ Тәжаяқовтың адвокаты Николас Вульридж агенттің сөзімен келіспейді. Ол сотта Царнаевтың сөмкесін Тәжаяқов емес, Қадырбаев алып шыққанын, ал Тәжаяқов сөмке туралы FBI агентінің тергеуде естігенін айтқан.

Азамат Тәжаяқовқа байланысты сот процесі – 2013 жылы сәуірдің 15-інде Бостон марафоны кезінде болған, үш адамды мерт етіп, 260-тай адамды жаралаған жарылысқа қатысты істердің бірі. Терактіні ұйымдастырды деген басты күдік Қырғызстанда туып, АҚШ-та өскен Джохар Царнаевқа таңылған.

Диас Қадырбаевтың соты қыркүйекте басталады.