Ресейде журналист өліміне күдікті ұсталды

Көрнекі сурет.

Ресей астанасында «360° Подмосковье» телеарнасының журналисі Андрей Рыбакинді өлтірген деген күдікті ұсталды деп хабарлады Мәскеу полициясы.

Полиция Рыбакинге келген күдіктіні бейнебақылау камерасындағы жазба арқылы анықтағандарын айтты. «Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, күдікті Рыбакинмен бұрыннан таныс болған. Журналист қаза болған күні күдіктінің әуелі Рыбакинмен бірге үй подъезіне кіріп, кейін екі ноутбук ұстап жалғыз өзі шыққаны бақылау камерасына жазылып қалған.

Бұған дейін 25 жастағы Андрей Рыбакиннің басынан оқ тиген жансыз денесі сейсенбі күні кешкісін Мәскеудегі пәтерінен табылғаны хабарланған.

Журналист «360° Подмосковье» телеарнасында «Видеорегистратор» бағдарламасын және жастар арасында танымал «2х2» телеарнасында «Тачки Рыбакина» авторлық бағдарламасын жүргізген еді.