Украина президенті Петр Порошенко елдің шығысындағы қарулы бүлікшілер мен ұйымдарды және оларға қолдау көрсеткендердің барлығын «террорист» деп тануды сұрап АҚШ конгресіне үндеу жасады. «Бұл біз барша әлемнен күтетін ынтымақтастықтың маңызды белгісі болар еді» деді Порошенко америкалық CNN телекомпаниясына сұхбатында. Оның мазмұны Украина президентінің сайтында жарияланды.
«Бейкүнә адамдарды өлтіргендерді сепаратист деп атауға болмайды, олар – террористер» деген Украина президенті Донбастағы жағдайды реттеу үшін барлық амалдар жасалуы қажеттігін айтып, өзі бұл тұрғыда бейбітшілік жоспарын ұсынып, үкімет күштерінің біржақты түрде 10 күнге атысты тоқтатуды жариялағанын атап өтті.
Порошенко егер санкциялар нәтиже бермесе, елдің қауіпсіздік мәселесін шешу үшін Израиль, Австралия және Филлиппин мемлекеттері сияқты Украинаға да НАТО ұйымынан тыс негізгі одақтас (MNNA – Major Non-NATO Ally of the United States) деген арнайы мәртебе беруді сұрап АҚШ конгресіне өтініш жасауға негіз бар деп санайды. «Бұл Украинадағы ғана жанжал емес, бұл - бүкіл әлемге төнген қатер. Украин ұлты дәл қазір бұрынғыдан бетер бірлік танытып отыр, әлем террористердің іс-әрекетіне дұрыс жауап табуы керек» деді ол.
Ұшақ құлауына қатысты әлем бірауыздан жауап беру керек деген Украина президенті «әр адам, әр мемлекет, соның ішінде Ресей де – террористер жағында, жоқ әлде бүкіл әлеммен бірге болатынын таңдауы тиіс» екенін айтқан.