Рада ішінара мобилизация жайлы жарлықты бекітті

Украина қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Андрей Парубий.

Бүгін Украина Жоғарғы Радасы ел президенті Петр Порошенконың «Ішінара мобилизация туралы» жарлығын бекітті. Жобаны мақұлдап 232 депутат дауыс берген.

Заң жобасын парламентке таныстырған Украина қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Андрей Парубий ішінара мобилизация туралы заң қосымша 59 бөлімді әскери дайындық күйіне келтіруге мүмкіндік беретінін хабарлады.

Президент жарлығында «елдің шығысында бой көрсеткен терроризмнің жайылуы» және мемлекеттік шекараға жақын жерде Ресей аумағында шабуыл жасауға әлеуетті елеулі әскер тобы шоғырланып, «Украинаның егемендігіне қатер төндіретін» жағдай қалыптасып отырғанына байланысты ішінара мобилизация туралы шешім қабылдау қажеттігі туындағаны айтылған.

Президент жарлығы Жоғарғы Рада бекіткен сәттен бастап күшіне енеді.