Израильде қалған қазақстандықтардың жартысы Түркияға аттанды

Израиль әуежайдаларының бірінде ұшақ күтіп отырған жолаушы. Көрнекі сурет

Израильде қалған 50 шақты қазақстандық туристің 23-і Түркияға ұшып кетті. Бұл туралы сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

Сыртқы істер министрлігі мен Израильдегі Қазақстан елшілігі қалған қазақстандық туристті Түркияға жіберу жағын қарастырып жатыр.

«Алғашқы топ Түркияға кетті. Олар Грекия арқылы ұшады. Қазақстан елшілігінің адамдары қазір Тель-Авив әуежайында Қазақстан азаматтарын тіркеп, оларды Түркияға қайтару үшін жұмыстар жасап жатыр. Израильде қанша қазақстандық бары нақты белгісіз. Бзде бар мәлімет бойынша, 50 жуық қазақстандық Израильде қалып қойған. Қазір нақты деректі анықтау жұмыстары жүріп жатыр» деді сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов.

Қазақстандық туристер Түркиядан Иерусалим қаласына бір күндік экскурсияға барып, сонда қалып қойған. Бұл туралы алғаш болып Израильде қалған қазақстандық туристердің бірі Диана Назарова әлеуметтік желілерде айтқан еді.

Бұған дейін Қазақстанның индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты туризм индустриясы комитеті Израиль мен Палестина аумағында қарулы қақтығыс жүріп жатқанын ескертіп, туристерге ол жаққа бармауға кеңес берген.

Қазақстан кеше Газа секторындағы жағдайдың ушығуына байланысты алаңдаушылық білдіріп, Израиль мен Палестинаны бейбіт келісім жүргізіп, қантөгісті тоқтатуға шақырған еді.