Бішкек соты бүгін Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевті, оның ағасы әрі мемлекеттік қауіпсіздік қызметін басқарған Жаныш Бакиевті, бұрынғы премьер-министр Данияр Үсеновті сырттай соттап, өмір бойы бас бостандығынан айырды. Олардың мүліктері де тәркіленеді.
Бұған қоса арасында Бакиевтің бірнеше туысқаны бар 25 айыпталушы 6 жылдан 25 жылға дейін түрмеге кесілді.
Бұл сот процесі 2011 жылы басталған еді.
Қырғызстанда 2005 жылы "қызғалдақ" төңкерісінің нәтижесінде билікке келген Құрманбек Бакиев пен Жаныш Бакиев және басқа да сотталушылар 2010 жылы 7 сәуірде болған билікке қарсы шеруде адамдарды жаппай өлтірді деп айыпталды. Шеру кезінде 100 адам қаза тауып, 400 тұрғын жараланған. Халық наразылығы әсерінен Бакиев билігі құлады.
Қазір Бакиевтің жақындарымен бірге Беларусьте тұрып жатқаны айтылады.
2013 жылы Қырғызстан соты Құрманбек Бакиевтің бауыры Жаныбек Бакиевті де өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын.